Accessibility links

7,5 мың науқас, 97 адам өлімі. Қазақстанда Covid бойынша тағы рекордтық көрсеткіш тіркелді


Жедел жәрдем көлігіне отырып жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігіне отырып жатқан медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

28 шілдеде Қазақстанда коронавирус бойынша тағы рекордтық көрсеткіш тіркелді. Сәрсенбі күні 7479 адамның анализінен коронавирус анықталды. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп науқас анықталмаған. Одан бөлек, тағы 262 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан.

Елде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші жоғары. 27 шілдеде 97 адам қайтыс болған: 81 адам – коронавирустан, 16 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған деп айтылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, маусым айымен салыстырғанда қазір ауру өсімі 5,2 пайызға артқан. Барлық аймақта вирустың күшейгені байқалады.

Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 1571, Алматы қаласында – 1450, Қарағанды облысында 1011 адамнан коронавирус анықталды. Шымкент пен Атырау облысында бір тәулікте 400-ден астам науқас табылған. Қалған облыстар мен қалаларда орташа есеппен 200-300 төңірегінде науқас анықталып жүр. Қазір "сары аймақта" Түркістан облысы ғана қалды.

Билік індеттің өршуін дельта варианттың тарауымен байланыстырады. "Дельта" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам жұғады және асқынуы да тез. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда дельта маусым айында тіркелген.

Қазір 90 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 25 мыңы стационарда ем қабылдап жатыр. 1900-ден астам адамның жағдайы ауыр. 154 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Бір күн бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кейбір аймақта стационарлар толып қалды, орын тапшылығы туындауы мүмкін деп ескерткен. Соңғы мәлімет бойынша, елде ауруханалардың 53 пайызы, реанимациялардың 43 пайызы бос емес.

Індет басталғалы бері 557 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 60 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері 5700 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3676 адамның өліміне себеп болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәлімет тым төмендетілген, шын мәнінде вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп санайды.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,2 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,5 миллионнан асты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG