Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов вирус қатты күшейген аймақты "қанық қызыл" етіп белгілеу жөнінде қаулы шығарды.
Осыған байланысты "қанық қызыл" аймақтағы Ashyq жүйесімен жұмыс істейтін кәсіптік субьектілер 2 тамыздан бастап демалыс күндері жұмыс істемейтін болады.
9 тамыздан кейін "қанық қызыл" аймақтағы Ashyq жүйесін қолданатын нысандарға түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Осыған дейін аймақтар вирустың таралуына байланысты қызыл, сары және жасыл аймақ деп бөлінген. Қазір Түркістан облысынан басқа өңірлер "қызыл" аймақта. Нұр-Сұлтанда инфекциялық ауруханаларда науқастар 70 пайыздан асқан.
Сонымен бірге бас санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, Алматы, Атырау, Шымкент және Қарағандыда 2 тамыздан бастап Ashyq жүйесін қолданбайтын барлық мекемелердің қызметі тоқтайды. Бұл тізімге мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мекемелері, БАҚ, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар кірмейді.
Осыған дейін Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазған. Олар егер жұмыс уақытын қысқартатын болсақ, табыс 70–80 процентке дейін түсіп, 30 проценттен астам қоғамдық тамақтану орындары жабылуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
ПІКІРЛЕР