Accessibility links

"Саяси тұтқын" Әсет Әбішев түрмеден босап шықты


Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.
Әсет Әбішевтің бостандыққа шыққан сәті. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.

30 шілдеде таңертең "саяси тұтқын", белсенді Әсет Әбішев түрмеден босап шықты. Алматы облысы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/14 мекемесінің алдында оны бір топ адам қарсы алды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ол түрмеден шыға салып, оппозиция қайраткері, режиссер Болат Атабаевтың жаназасына үлгеру үшін асығыс көлікке мініп кеткен. Кетерінде:

– Сіздердің жиналғандарыңыз өте маңызды. Мұндай ұйымшылдық адамға қатты көмектеседі. Мен оны өз басымнан өткергенмін. Адамдардың топтасып, бірлесіп бір нәрсені жасағаны қолдау беріп, сүйейді. Әсіресе мынадай (түрмені нұсқайды) жерлерде қатты көмектеседі. Менің бүгін осы жерде тұрғаным көп жағдайда сіздердің еңбектеріңіз. Бұл қатты ықпал етеді және олар азаматтық қоғамнан қатты қорқады, – деді Әсет Әбішев.

Әсет Әбішевтің түрмеден шығуын күтіп тұрған жақтастары. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.
Әсет Әбішевтің түрмеден шығуын күтіп тұрған жақтастары. Алматы облысы, 30 шілде 2021 жыл.

Екі апта бұрын Алматы облысы Қапшағай қаласының соты Әсет Әбішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Сол кезде сот шешімі 15 күннен кейін күшіне енеді деп айтылған еді. Оны қолдайтын топ бір күн бұрын шығады деп бейсенбі күні түрмеге барған кезде түрмедегілер 30 шілдеде шығатынын хабарлаған.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Әсет Әбішевті дереу босатуды талап еткен.

Бір топ америкалық сенатор былтыр маусым айында Қазақстан билігін көзқарасын ашық айтып, қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырған. Хатта Әсет Әбішевтің де аты аталды.

Әсет Әбішев 2,5 жылдан астам уақыт қамауда болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG