Accessibility links

Оралда белсенді Орынбай Оқасов қатарынан үш рет қамалды


Орынбай Оқасов.
Орынбай Оқасов.

Орал соты "бір жыл ішінде заңсыз митингіге бірнеше рет қатысқаны үшін" белсенді Орынбай Оқасовты 20 тәулікке қамады. Осымен ол камерадан шықпай үшінші рет әкімшілік қамауға алынып отыр.

Оқасовты жазалау туралы жаңа шешім оның абақтыдан шығуына бір күн қалғанда яғни, 29 шілдеде шыққан. Оның алдында белсенді 10 күн, одан кейін 15 тәулікке қамалған болатын.

Бұл жолы Оқасов 30 мамырда Оралдағы орталық саябақта өткен митинг үшін жазаланып отыр.

— Соттың айтуынша, Оқасов өзінің әрекетін мойындауы тиіс, бірақ мен қорғап отырған азаматқа қайта-қайта жаза тағайындап, қамаудан шығуына мүмкіндік бермей отыр, – дейді белсендінің адвокаты Айсұлу Биялиева сот шешімі шыққаннан соң Азаттық тілшісіне.

Іс материалдарына қарағанда, билік "заңсыз" деп атаған митинг Оралда 30 шілдеде өткен. "Бостандық Freedom" деген жазуы бар плакат ұстаған Орынбай Оқасов сөз сөйлеген. Бұл хаттамаға түрткі болған.

Оқасов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол сот шешімін апелляцияға беруге оқталып отыр.

Оралдық белсенді Орынбай Оқасов бұған дейін көптеген наразылық акцияларына қатысқан. Жуырда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйымдар" деп тану туралы сот шешіміне қарсылық білдіріп, аштық акциясына қатысқан. Ол бірнеше рет ұсталып, әкімшілік сотқа тартылған.

  • Қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танып, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салған. Кейін сот Әблязов қолдаған "Көше партиясына" да соған ұқсас шешім шығарған. Қозғалыс жақтастары шешімнің саяси астары бар деп санайды. Ал Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстанда екі ұйымды қолдаған азаматтар қуғынға ұшырайды.
  • Елде бейбіт жиналу құқығына Констиция кепілдік береді. Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталықтарынан алшақ жерлерде орналасады. Әкімдікпен келісілмеген шаралардың барлығы "заңсыз" деп саналады, оған қатысушылар сотталады.
  • Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG