30 шілдеде Жаңаөзенде тағы бір компания "KMG EP-Catering" аутсорсинг фирмасы жұмысшылары ереуілге шығып, жұмысты тоқтатты. Олар компаниядағы ер адамдарды "Өзенмұнайгаз" аутсорсинг мекемесінің штатына алуды, әйелдерді "Қазмұнайгазға" еншілес KMG EP-Catering мекемесінің штатына алуды талап етті.
Наразылар бейсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Асқар Маминге, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Алик Айдарбаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымовқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа, "KMG EP-Catering" компаниясының басшысы Жасұлан Өтегеновке видеоүндеу жолдаған.
Жұмысшылар өзге талаптармен бірге әлеуметтік пакет енгізуді, жалақы өсіруді талап етіп отыр.
Ереуілген шыққан жұмысшылардың бірінің айтуынша, бұған дейін мекемеде істегендерді "Өзенмұнайгаз" компаниясына өндіріске жұмысқа алып, кейін ол тоқтап қалған.
– Біз мұнайшыларға қызмет көрсетеміз. "Кендірлі" демалыс аймағындағы мұнайшылар демалатын орындарды жөндейміз, "Өзенмұнайгаздың" асханаларына жүк тасимыз. Кейбіріміз 7\7 вахталық ауысыммен, кейбірі түнгі ауысымда жұмыс істейміз. Қолға алатын жалақымыз – 70-100 мың. Үнемі түнгі ауысымға шығатындар ғана 200 мың теңге алады. Ол ештеңеге жетпейді, - деді ол аты-жөнін айтудан бас тартқан жұмысшы.
"KMG EP-Catering" - "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі. Онда жалпы саны мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның Жаңаөзендегі бөлімшесінде 300-ге тарта жұмысшы бар.
Азаттық тілшісі әзірге мекеме басшылығынан түсініктеме ала алмады.
Компания Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, "Кендірлі" демалыс аймағында демалушылар мен мұнайшыларға қызмет көрсету, мұнай кен орындарында тазалық жұмыстарын жүргізу, "Өземұнайгаздың" барлық өндірістік бөлімшелерін, асханаларына шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады.
Маңғыстау облысында кейінгі айларда жалақы өсіру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар наразылығы көбейген. Олардың көбі талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан.
28 шілдеде "Қаражанбасмұнай" компаниясына аутсорсинг келісім-шартпен қызмет көрсететін Industrial service resources жұмысшылары ереуілге шығып, талаптары орындалған соң сол күні кешке наразылықты тоқтатты.
ПІКІРЛЕР