Accessibility links

Ақаев "елге келуге жол ашқан" Садыр Жапаровқа алғыс айтты


Асқар Ақаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, Қырғызстан. 2 тамыз, 2021 жыл.
Асқар Ақаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Бішкек, Қырғызстан. 2 тамыз, 2021 жыл.

16 жыл шетелде болып, 2 тамызда Бішкекке ұшып келген Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев елдің қазіргі президенті Садыр Жапаровпен оның резиденциясында кездескен. Бұл жөнінде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті ғимаратындағы тергеуден шыққан бетте журналистер сауалына жауап берген Ақаевтың өзі айтты.

"Елге келуіме жол ашқаны үшін рахмет айтамын" деп Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа бірнеше рет алғыс айтқан Ақаев Қырғызстанда бір апта болып, "Құмтөр" алтын кенішіндегі жемқорлық ісіне қатысты тергеу сұрақтарына жауап беретінін ескертті.

– [Тергеумен] әріптестік орнатып, жәрдемдесуге келдім. "Құмтөр" жобасына байланысты маған айып тағылып жатқанын білесіздер. Сондықтан мен тергеуге көмектесіп, сұрақтарға жауап беруге ынталымын. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы [Қамшыбек Ташиевке] рахмет, мені құшақ жая қарсы алды. Өте мұқият тыңдады. Бірінші тергеу өтті, сұрақтарға жауап бердім. "Құмтөрді" қалай тұрғызғанымыз жайлы шын жүректен, ағымнан жарыла айтып беруге келдім. "Құмтөрді" не үшін салдық? Қандай қателік кеткен болуы мүмкін? Тергеу әлі жалғасады, мен бүгін ғана ұшып келдім. Іспен әлі танысып үлгерген жоқпын, мұндағы кездесулер әлі жалғасады, – деді Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) хабарлауынша, Ақаев тергеуге қатысу үшін Бішкеке жеткізілген.

"ҰҚМК қолға алған шаралар нәтижесінде бұрынғы президент Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді, содан соң ол бірден ведомствоаралық тергеу тобының қолына тапсырылды. Қазір ол ҰҚМК ғимаратында, онда оның қатысуымен тергеу амалдары жүріп жатыр" делінген мекеме таратқан ақпаратта.

Әлеуметтік желіде тараған фотолардан Асқар Ақаевтың ұшақтан өз бетімен түсіп келе жатқаны байқалады.

Ақаев тұсында жоғары лауазымды қызметтер атқарған қоғам қайраткері Бекболат Талғарбеков экс-президенттің тергеу әділ өтсе елге келемін деген сөзінде тұрғанын айтты.

– ҰҚМК оған "келіңіз, біздің "Құмтөр" бойынша сұрақтарымызға жауап беріңіз" деген. Яғни ҰҚМК бастама көтерген. Ақаев бұл ұсынысты қабыл алған. Ол "бәрі заң аясында бола ма?" деп сұраған. ҰҚМК бәрі заң аясында өтеді деп сендірген соң ол елге келді. Олар сұрақ-жауап заң аясында жүретініне кепілдік берді. Ол Қырғызстанның жаңа басшылығының "Құмтөр" ісінің ақ-қарасын анықтау ұмтылысын қолдайтынын жарты жыл бұрын айтқан, – деді Бекболат Талғарбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

8 шілдеде Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиев елдің бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке "Құмтөр" алтын кеніндегі жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында іздеу жарияланғанын мәлімдеген.

Қырғызстан үкіметі "Құмтөр" ісі бойынша халықаралық сотта канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы республиканың бұрынғы басшыларына "пара беріп, сатып алды" деген болжамды дәлелдемек.

Асқар Ақаев Қырғызстанды 1990-2005 жылдар аралығында басқарды. 2005 жылғы революциядан соң ол отбасымен бірге Ресейге қашты.

Қазір елде "Құмтөр" ісі бойынша қылмыстық іс бірнеше кезеңге бөлініп, тергеліп жатыр. Ташиевтің сөзінше, Асқар Ақаев президент болып тұрған тұста канадалық компаниямен келісім-шарт жасасқанда заң бұзылған.

Ташиевтің сөзінше, 2003 жылы келісім-шарт жаасқанда канадалық компанияның Қырғызстандағы үлесі 25,7 пайызға төмендетіліп көрсетілген.

Бұдан бөлек, 2009 жылғы эпизод бойынша елдің экс-президенті Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиевке іздеу жарияланды. Олар да жемқорлық күдігіне ілінген.

Елдің экс-президенттері Ақаев пен Бакиев 2005 және 2010 жылғы революциядан кейін елден қашқан. Ақаев Мәскеуде, Бакиев Минскіде тұрып жатыр. Екеуі де Қырғызстанда сырттай сотталған.

"Құмтөр" – Қырғызстанның ең ірі алтын кеніші, оны канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы игеріп жатыр, Қырғызстанның ондағы үлесі – 26 пайыз.

Қырғызстанның қазіргі билігі "Құмтөр" бойынша 1992, 2003, 2009 және 2017 жылдары жасалған келісімдер елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келмеген деп санайды. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия түрлі талапты бұзғаны үшін компаниядан 460 млрд сом (5,5 млрд доллар) өндіруді талап етеді.

Мемлекеттік комиссияның ұйғарымы бойынша, Қырғызстан бұл кенішті игергелі бері одан 1,5 млрд доллар пайда көрсе, Centerra Gold Inc. – 11,5 млрд доллар табыс тапқан. Қырғызстанның қазіргі билігі "бұрынғы президенттер, шенеуніктер жемқорлыққа барып, компаниямен тиімсіз келісім-шарттар жасасқан" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG