Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) бұрынғы премьер-министр Темір Сариевті ұстады. Бұл туралы ҰҚМК баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, Сариев "Құмтөр" алтын кеніндегі жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында ұсталған.
"Тергеу органдары Сариев экономика министрлігі мен арнайы мемлекеттік комиссиясын басқарған тұста "Құмтөр" кенішіндегі экологиялық зардаптың сомасын бірнеше миллиард сомға төмендеткенін анықтады, соның нәтижесінде мемлекетке орасан зор шығын келді" деді ҰҚМК өкілдері.
Сариев уақытша қамау изоляторына жіберілген. Енді Бішкектің Бірінші май аудандық соты оған бұлтартпас жаза қолдану мәселесін шешеді.
Бұған дейін қылмыстық іс аясында бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабанов, Жогорку Кенештің қазіргі депутаттары Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаров, сонымен бірге экс-депутаттар Исхак Пирматов, Талантбек Узакбаев және Алмазбек Баатырбеков қамауға алынған.
Оған қоса, президент аппаратының бұрынғы басшысы Данияр Нарымбаев ұсталған, ал Жогорку Кенештің үкіметтегі бұрынғы құзыретті өкілі Динара Молдошева ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Бұрынғы вице-премьер Тайырбек Сарпашев те ұсталған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, тергеу органдарымен келісім жасалғаннан кейін экс-депуттатар Алмазбек Батырбеков, Талантбек Узакбаев, Исхак Пирматов, сонымен бірге бұрынғы вице-премьер Тайырбек Сарпашев үйқамаққа шығарылған. Ал Өмірбек Бабанов шетелде медициналық көмек алу үшін қамаудан босатылған.
Бір күн бұрын Бішкекке Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев келіп, "Құмтөр ісі" бойынша тергеу амалдарына қатысқан. ҰҚМК-дан шыққаннан кейін Ақаев "тергеумен әріптестік орнатып, жәрдемдесуге келдім. "Құмтөр" жобасына байланысты маған айып тағылып жатқанын білесіздер. Сондықтан мен тергеуге көмектесіп, сұрақтарға жауап беруге ынталымын" деген болатын.
Қарай отырыңыз: Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Бішкекке келді (2 тамыз 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР