Ресей аннексиялап алған Қырым мен Донецк, Луганск облыстарын Украинаға қайтару – уақыт еншісінде. Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді. Украиналық "Дом" телеарнасына берген сұхбатында Зеленский Қырым "орыс жері емес және ешқашан болмайды" деді.
Президенттің Қырым жөнінде айтқаны Зеленскийдің телеграм-арнасында жарияланды.
"Түбекті жаулап алған адамдар Қырымды ешқашан біз сүйгендей сүйе алмайды" деді Зеленский. Ол Қырымды "өз жеріміз" деп атап, жас кезінде түбекке барған сапарын еске алды.
"Бұл олардың жері емес, олардың ұрпақтары мұнда өсіп-өнбейді. Балалары да мұнда емес. Олар біздің жеріміз үшін барын салмайды. Бұл ешқашан орыс жері болмайды. Ешқашан" деді Зеленский.
Ол Ресей билігінің тарихты қайта жазуға шамасы жетпейді, Қырым татарлары да олармен ешқашан келіспейді деді. Украина президентінің пікірінше, Қырым тұрғындары ерте ме, кеш пе, "үйлеріне оралады".
- Ресей Қырымды 2014 наурыз айында аннексиялап алған. Украинада президент Виктор Янукович билігі құлатылғаннан кейін Ресей түбекке әскер кіргізді және "түбекті Ресейге қосу" жөнінде күшпен референдум өткізді. Украина мен әлемнің көптеген елі Қырымды Украина территориясы деп біледі. Ресей билігі "Қырым баяғыдан орыс жері, 1954 жылы оны Украина совет республикасына беру заңсыз болды" деген идеяны насихаттап келеді.
- Владимир Зеленский Қырым мәселесіне нүкте қойылған жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген. Тамызда Киевте Ресей аннексиясын мойындамайтын ел өкілдері қатысатын "Қырым платформасы" атты алғашқы жиын өтеді. Батыс елдері бұған дейін Қырым аннексиясына қатысы бар компаниялар мен сонда жұмыс істейтін тұлғаларға санкция салған.
- Кремль Қырымды Ресейдің ажырамас бөлігі деп атап, мәселені талқылаудан бас тартқан.
ПІКІРЛЕР