Accessibility links

Кремль репрессияны күшейтті. Келесі қадамы не болмақ?


Ресей қауіпсіздік қызметінің жасағы саясаткер Алексей Навальный жетекшілік ететін Жемқорлықпен күрес қорының кеңсесінде. 2019 жыл.
Ресей қауіпсіздік қызметінің жасағы саясаткер Алексей Навальный жетекшілік ететін Жемқорлықпен күрес қорының кеңсесінде. 2019 жыл.

Ресей билігі өзіне қауіп санағанның бәрін қудалап отыр: оппозиция белсенділерінің, тәуелсіз журналистердің, құқық қорғаушылардың және азаматтық қоғамның өзге де өкілдерінің соңына шам алып түсті. Бұл Кремльдің сайлау алдындағы әрекеті ме, әлде елдегі ірі өзгерістің белгісі ме?

Кремльдің 17-19 қыркүйекте өтетін дума сайлауына алаңдап отырғанына шүбә келтіретіндер аз.

Биліктегі "Единая Россия" партиясын халықтың 30 пайызы, ал мәскеуліктердің тек 15 пайызы қолдайды. Путиннің де рейтингі түсіп кеткен. Демек, билік партиясына сайлауда жеңіске жетіп, парламенттегі мандаттың үштен екісін алу қиынға соққалы тұр.

Мария Снеговая.
Мария Снеговая.

"Бұрмалау болары күмәнсіз десек те, барлығын бірдей бұрмалай алмайтыны анық, сол себепті олардың (биліктің) алдында қиын міндет тұр" дейді Джорджтаун университетінің сарапшысы Мария Снеговая.

Бірақ елдегі жағдайды бақылап отырғандар жаппай қудалау сайлаудан кейін де тоқтамайды дейді. Өйткені сайлауға тікелей қатысы жоқ саналатын тарихшылар, ғалымдар, суретшілер мен театр қызметкерлері де қысым көріп отыр. Сайлау жайлы жазбайтын журналистер мен сайлаумен айналыспайтын заңгерлер де қысымға ұшырап жатыр.

"Бұл репрессия сайлаудан кейін аяқталады деп айтпас едім, – дейді Снеговая. – Кремль сайлаудың қалай өтетініне алаңдап отырғанына қарамастан, мұның себебі тек сайлауда жатқан жоқ. Бұл режим репрессияшыл диктатураға айналып барады".

Ресей президенті Владимир Путин халқына жолдау арнап тұр. Мәскеу, 12 сәуір 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин халқына жолдау арнап тұр. Мәскеу, 12 сәуір 2021 жыл.

Үкімет сайлауға жіті мән беріп отыр. Бірнеше ай бойы ресми өкілдер ел аумағында тәуелсіз және оппозициялық кандидаттарды, әсіресе, кейінгі үш жылда жергілікті сайлаудан соң мандат алғандарды ығыстыруға тырысты.

Сайлауға мониторинг жасайтын "Голос" ұйымының дерегінше, кейінгі сайлаудан кейін билік сайлау туралы заңды 19 рет қайта қараған.

"Бұл таңғаларлық жағдай, – дейді Снеговая Азаттық радиосының Орыс қызметіне. – Тіпті, алдыңғы сайлауларды ашық өтті деуге болмаса да, мұндайды ешқашан көрмеген едік. Дауыс беруге үш күн берді. Бұл нәтижені бұрмалауға мүмкіндік береді. Электронды дауыс беруді енгізді. Бұл да мүлдем ашық емес. Енді олар аз да болса танымал кандидаттардың бәрін алып тастап жатыр".

Дегенмен, Үкімет әрекеттерінің алдыңғы сайлауға қатысы аз сияқты. Мысалы, қауіпсіздік органдары сол ұйымның тарихи қылмысы мен заңсыздығын ашуға тырысып жүрген ұйымдар мен жеке адамдарға көп назар аударады. Карелияда тұратын, Сталин кезіндегі жаппай жерлеуді құжаттандырумен айналысатын тарихшы Юрий Дмитриев те билік нысанасына іліккен. Ал Санкт-Петербургте "Команда 29" құқық қорғау ұйымы өткен айда жабылып қалды. ФСБ архивін зерттеп, тыңшылық пен құпиялық туралы заңды саяси мақсатта пайдалануын анықтауға тырысқан ұйым адвокаттары мұны қауіпсіздік органдарының "жан-жақты жоспарланған шабуылы" деп атады.

Өткен аптада үкімет түрмедегі және сотқа дейінгі қамау орнындағы азаптау жайлы хабарлайтын "Досье" (Dossier) және Gulagu.net журналистік зерттеу жобасының веб-сайттарын бұғаттады.

"Мәселе ФСБ-нің заңсыз әрекеттері туралы баяндамада болып тұр, – дейді қуғындағы бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковскийдің өкілі Максим Дбар. – Бұл жүздеген беттен тұратын үлкен құжат... Қауіпсіздік қызметтерінің заңсыз әрекеттері назарға іліккен. ФСБ, ГРУ [әскери барлау қызметі] және СВР [сыртқы барлау қызметі] туралы айтып отырмын. Бұл тақырыптар бойынша бізде материал көп".

Gulagu.net жобасының негізін қалаған Владимир Осечкин 2015 жылы биліктің қысымынан соң елден кетіп, жобаны шетелден басқарып отыр. Ол Азаттық радиосына Ресейдің қылмыстық жазаны орындау қызметі (ФСИН) көп жылдан бері, әсіресе ол Ресейден кеткен соң жобасының қыр соңына түскенін айтты.

Владимир Осечкин
Владимир Осечкин

– Салыстырмалы түрде қауіпсіз жерде болып, Ресей билігі жұмысыма араласпаған кезде маған жылдан жылға көбірек ақпарат келетін болды. Біз қамалғандардың туыстарынан, бұрынғы және қазіргі тұтқындардан ғана емес, ФСИН, ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі, прокуратура қызметкерлерінен де ақпарат ала бастадық. Көбі жүйенің ішінде жүр, бірақ репрессияшыл саясатты қолдамайды. Әсіресе, былтыр бізге көп ақпарат ағылды, тіпті ФСИН-нің бірнеше аймақтық бөлімінің видеоархивінен материалдар түсті, – дейді Владимир Осечкин.

Снеговая Путин үкіметі Батыспен жақсы қарым-қатынаста болу үшін демократия кейпін көрсетуді қажет деп таппайтынын айтты.

– Халықаралық қауымдастық Ресей үкіметінің әрекетіне жауап беруге қауқарсыз, – дейді ол. – Тіпті [оппозициялық саясаткер Алексей] Навальныйды улағаннан кейін де дұрыс жауап болмады. Ірі санкция да салынбады. Маскасы сыпырылған режим қатаң формада қайта жанданып жатыр.

Ол үкіметтегілердің көбі, тіпті, Путин де "Ресей мен Батыс арасындағы жарияланбаған "гибридті" соғыс жүріп жатқанына және "шетел агенттері" театр, мектеп, БАҚ және басқалары арқылы қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп сенетінін айтты.

Ресейді "Батыс оларға қауіп төндіреді, кез келген жолмен зиянын тигізуге тырысады деген советтік идеяны ұстанатын адамдардың ерекше типі" басқарады дейді сарапшы.

Путиннің маңайындағы сондай адамның бірі – Қауіпсіздік кеңесінің басшысы, КГБ-ның бұрынғы офицері, "Путин қатты сенетін" Николай Патрушев дейді мәскеулік саяси сарапшы Валерий Соловей.

– Патрушев стратегияны жасайды, оны бекіту үшін президентке көрсетеді. Бұл стратегияның мәні де қарапайым – бастысы режимге ешқандай қауіп төндірмеу, – дейді ол Азаттық радиосына.

Ресей қауіпсіздік қызметінің хатшысы Николай Патрушев (сол жақта) пен ел президенті Владимир Путин.
Ресей қауіпсіздік қызметінің хатшысы Николай Патрушев (сол жақта) пен ел президенті Владимир Путин.

Снеговая Кремль қыркүйектегі дума сайлауынан да әріге, Путиннің қазіргі президенттік мерзімі аяқталатын 2024 жылға дейінгі кезеңге көз тігіп отырғанын айтты.

– Соған қарағанда, 2020 жылы Конституцияға түзетулер енгізілген кезде Путин билікте өмір бойы қалады деген шешім қабылданғанға ұқсайды. Бұған Беларусьтегі оқиғалар да, Путиннің де, "Единая Россия" партиясының да рейтингі құлдыраған шақта, кез-келген жолмен [Думаға депутат] сайлауда жеңіске жету қажеттігі де сондай қорытынды жасауға ықпал еткен тәрізді. Бұрынғыдай емес, қазір қаржыны да керегінше жұмсауды ұйғарғандай, – дейді ол Азаттық радиосына.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG