Арыс қалалық санитариялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Құлмұратов ақ фосфор тиелген жүк контейнері өртенген жердегі топырақ пен ауадан сынама алынғанын хабарлады.
"Қазіргі кезде ауада адам өміріне қауіп төнетіндей химиялық улы заттар тараған жоқ. Экологиялық ахуал қалыпты деңгейде" деді ол сенбі күні Азаттыққа.
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Арыс қаласы маңындағы темір жол бойында өрт шыққаны туралы суыт хабар 6 тамызда сағат 16:25-те түскен. Жамбыл облысынан Ресейге бет алған ақ фосфор тиелген контейнерлер өртенген. Облыс әкімдігі өрт шыққан жерге жақын орналасқан "Наурыз" ықшамауданынан мыңнан аса тұрғын туыстарының үйіне кеткенін, 650 адам 4 мектепте уақытша ашылған эвакуация пунктіне жеткізілгенін хабарлады.
Аты-жөнін атамауды сұраған Арыс қаласының тұрғыны Азаттыққа жұрттың кейбірі эвакуация пунктіне барудан бас тартқанын, өрт сөндірілген соң туыстарының үйіне кеткендер де шаңырағына қайтып оралғанын айтты.
Облыстық төтенше жағдай қызметі фосфор тиелген контейнердегі өрт жұма күні жергілікті уақытпен сағат 21:55-те өшірілгенін хабарлады.
Түркістан облысы әкімдігі "тұрғындардың өміріне қауіп жоғын" айтады.
Ақ фосфор – қараңғыда жарық шашатын аса белсенді, түссіз, өте улы зат. Ауамен араласса тез тұтанатын болғандықтан тасымалдау кезінде аса ұқыптылықты қажет етеді.
ПІКІРЛЕР