Accessibility links

Коронавирустың "дельта" варианты әлемді әбігерге салды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытай қайта өршіген коронавирус індетін бәсеңдету үшін жан-жақты шара қолданып жатыр. 2019 жылдың басында Covid ошағы болып, кейін індет бәсеңдеген бұл елде жағдай қайта ушығып барады.

6 тамызда елде коронавирус жұқттырған 80 адам тіркелген. Оның 58-і шығыстағы Янчжоу қаласында анықталған. Мұнда коронавирустың "дельта" варианты әуелі Нанкиндегі әуежай қызметкерлеріне жұғып, кейін жұрт арасында тарай бастаған. Қазір вирустың бұл түрі Хайнаньнан бастап Ресеймен шекаралас Ішкі Моңғолия автономиялық ауданына дейінгі аумақты қамтитын алты провинцияда анықталып отыр. Үкімет карантин енгізу, жаппай тестілеу және адамдардың сапар шегуіне шектеу қою арқылы вирусты ауыздықтауға тырысып жатыр.

Қазір Қытаймен қоса тағы бірнеше елде "дельта" варианты жедел тарап жатыр.

  • Індет өрши бастаған соң Оңтүстік Корея Үлкен Сеул аумағында енгізілген арақашықтық сақтау ережесін тағы екі аптаға ұзартуға мәжбүр болды.
  • АҚШ-та вирусты жаңадан жұқтырғандар саны кейінгі алты ай мерзім ішіндегі рекордтық деңгейге жетті – 4 тамызда елде 100 мыңнан астам науқас анықталған. Шенеуніктер "дельта" варианты әсіресе вакциналау деңгейі төмен штаттарда лаң салып жатқанын айтады.
  • Австралия шенеуніктері 6 тамызда Сидней халқына індеттің өршуіне дайын болуды ескерткен. Билік қалада бірнеше аптадан бері шектеу енгізіліп отырғанына қарамастан, екінші күн қатарынан инфекция жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелгеннен кейін осындай мәлімдеме жасады.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 200 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан, 4 млн адам қайтыс болған.

2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында таралған SARS-CoV-2 вирусының (Covid-19) шыққан тегі, оның адамдарға жұғып, таралуы туралы кереғар пікір көп.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус инфекциясы Уханьдағы зертханадан тарады деген нұсқаны жоққа шығаруға болмайды деп, Қытайдан бұл мәселені зерттеуде ашық болуын сұраған.

Осы аптада CNN арнасы АҚШ барлау агенттіктері Уханьдағы вирусология институтында зерттелген вирус үлгілерінің базасына қол жеткізгенін хабарлады. Басылымының айтуынша, тың деректер вирус зертханадан тарады деген болжамды зерттеуге мүмкіндік береді.

Қытай қатерлі вирус Ухань зертханасынан тараған болуы мүмкін деген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны "саяси хайп" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG