Accessibility links

Ақтөбеде жүз шақты адам "ЛГБТ өкілдерінің жиынын" өткізуге қарсылық білдірді


"ЛГБТ жиынын өткізуге" қарсылық білдіріп тұрған топ. Ақтөбе, 8 тамыз 2021 жыл.
"ЛГБТ жиынын өткізуге" қарсылық білдіріп тұрған топ. Ақтөбе, 8 тамыз 2021 жыл.

8 тамыз күні Ақтөбеде жүз шақты адам жиналып, "ЛГБТ өкілдерінің облыс орталығына келіп, жиын өткізуіне" қарсылық білдірді. Олар "дәстүр мен дінге қайшы қозғалыс өкілдерін әкімдік Ақтөбеге кіргізбесін" деген жазбаша талаптарын жергілікті әкімдікке жолдамақ. Рұқсат етілмеген жиынды полиция сырттай бақылады, ешкімді ұстаған жоқ.

Ақтөбедегі "Анвар" гипермаркеті алдындағы автотұраққа наразылар жексенбі күні кешкі алтыға таман жинала бастады. Олар желіде "13 тамыз күні Ақтөбеде ЛГБТ өкілдерінің жиыны болады" деген хабарландырудан соң наразылықтарын айтуға келген.

- Ата-бабаларымыз ұлтарақтай жердің барлығын ұрпаққа аманат етіп қалдырған болатын. Ендеше осындай жерде ЛГБТ өкілдерінің тайраңдап жүруіне, саясаттарын жүргізуіне жол жоқ! Біз қарсымыз! Батыстың намысшыл жігіттерінің жеріне келмес бұрын алдымен ойланып алыңыздар. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер! - деді наразылардың бірі Асқар Қалбеков ЛГБТ өкілдеріне қарата айтқан видеоүндеуінде.

"ЛГБТ жиынын өткізуге қарсылық білдірген" топ. Ақтөбе, 8 тамыз 2021 жыл.
"ЛГБТ жиынын өткізуге қарсылық білдірген" топ. Ақтөбе, 8 тамыз 2021 жыл.

Қалбеков наразылық жиынына қазақ хандарының есімдері жазылған бетперде тағып келген.

- ЛГБТ қозғалысы- қазақстандықтардың ғасырлар бойғы дәстүрі мен діни көзқарасына қайшы. Сондықтан әкімдік пен үкімет ол қозғалыс өкілдерінің Ақтөбеге келуіне жол бермеуі керек. Біз осыны талап етеміз, - деді өзін Орал Бисембин деп таныстырған адам.

Наразылық жиынында сөз сөйлегендердің көпшілігі "ЛГБТ қозғалысы өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне кері әсер етеді" деп санайды. Айтуларынша, олар наразылық акциясының өтетінін әкімдікке хабарламаған.

Мессенджерден тараған хабар бойынша жиын өтеді делінген жерге жүз шақты адам келген. Бірақ рұқсат етілмеген жиынға қатысушыларға полиция ескерту жасап, әдеттегідей наразылардың тарауын талап етпеді. Сырттай бақылаумен болды. Наразылар әкімдікке жіберілетін үндеуге қол қойып, бір сағаттан соң тарап кетті.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Feminita белсенділері тамыз айының ортасында Ақтөбеде адам құқығы жөнінде жиын өткізетінін хабарлаған. Аталған топ 6 тамызда Ақтөбедегі жиынға байланысты жан-жақтан қоқан-лоқы түсіп жатқанын хабарлады. Кейбірі тіпті өлтіретінін айтып қорқытқан.

- Бейбіт жиын жасап, пікір айтуға әркімнің де құқығы бар. Сол сияқты Қазақстанның әрбір азаматы емін-еркін қозғалуға да құқылы. Үйқамаққа алынбаған, сот басқа да шектеу қоймаған азаматтардың қозғалысын әкімдік те, басқа да шектей алмайды. Сондықтан біз 13 тамыз күні Ақтөбеге барып, адам құқығы туралы айтамыз. Ақтөбеде ЛГБТ өкілдері бар. Олар да адам баласы. ЛГБТ өкілдерін ұрып-соғып, қарғап-сілегеннен Ақтөбенің экологиясы мен экономикасы, ол азаматтардың саяси құқықтары жақсарып кетпейді. Олар билікке қарсы шықса, сол жерде экономиканы қорғап, немесе мына жерге бірнәрсе салғызбаймыз, біздің денсаулығымызға зиян келеді, болмаса әкімдік бір ақшаны жеп қойды деген мәселемен шықса, онда олардың төбесінен тоқпақтап, полиция таратып жіберетін еді. Ал олар ЛГБТ-ға қарсы шыққандықтан сырттай бақылап қана тұрған. Меніңше, бұл жиын жергілікті әкімдіктің ЛГБТ-ға деген көзқарасын көрсетіп тұр, - дейді Азаттыққа телефонмен бірген сұқбатында Feminita ұйымының жетекшілерінің бірі Гүлзада Сержан.

Осыған дейін Feminita белсенділерінің Қарағанды мен Шымкенттегі кездесулері өтпей қалған.

28 шілдеде ондаған адам Қарағандыда Feminita белсенділерінің әйел және лесбиян, бисексуал, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша тренинг өткізіп жатқан ғимарат маңына жиналып, шараны тоқтатуды талап еткен. Кездесуге қатысушылар полицияның арнайы жасағы ашқан жол арқылы эвакуацияланды. Полицейлер оқиға орнында ешкімді ұстамаған. Олар тренингке қатысып жатқан адамдарды полицияға алып барған. Қарағандыда тағы екі кездесу өткізбек болған Feminita белсенділерін бірнеше сағат ұстап, кейін пойызбен Алматыға жөнелткен.

Мамыр айында осыған ұқсас жағдай Шымкентте болған еді, ол кезде беймәлім адамдар Секербаева мен Сержанға шабуыл жасаған.

30 шілдеде белсенділер биліктен ЛГБТ өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қарағандыда болған оқиғаға құқықтық баға беруді, құқық қорғау жиынын аяқтауға мүмкіндік бермей, олар отырған ғимаратқа шабуыл жасамақ болған ер адамдарды жауапқа тартуды талап етіп, Қазақстан президентіне және құқық қорғау органдарына үндеу жасаған.

Еуропарламент биыл наурызда Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы жайлы қабылдаған қарарында ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға жиі ұшырайтынына назар аударған. Елдегі адамдарды жыныстық сипатына байланысты алалау мәселесі халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қазақстан туралы есебінде де жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG