Accessibility links

Қарағанды облысында "карантин кезінде той жасаған" шенеунік қызметінен қуылды


Індет жайлы ескерту жазылған баннер. Көрнекі сурет.
Індет жайлы ескерту жазылған баннер. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында карантин кезінде той жасағаны үшін шенеунік қызметінен қуылды. Облыс әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, облыстық жер қатынастары басқармасының жетекшісі Қалел Мақсұтов карантин режимін бұзғаны үшін қызметінен кеткен.

"Бүгіннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов карантинді өрескел бұзғаны үшін, яғни пандемия кезінде той ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған" деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аппарат отырысында.

Ақпаратқа қарағанда, 7 тамызда 109 қызметіне қаладағы мейрамханалардың бірінде той өтіп жатқаны жайлы хабарлама түскен. Оқиға орнына полиция, санэпидстанция және әкімдік өкілдерінен құралған мобильді топ барған. Мейрамханада той өтіп жатқаны расталып, шара тоқтатылған. Әкімдіктің хабарлауынша, ғимарат ішінде шамамен 400 адам болған. СЭС өкілдері хаттама толтырған. Ғимарат иесі мен шара ұйымастырушыларға айыппұл салынады.

Полиция дерегіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, сол күні мейрамханада екі шара өткен: кіші залда 40 адам қатысқан "Сүндет той", үлкен залда 350 адам қатысқан той болған. Тойды Қалел Мақсұтов ұйымдастырған.

Қарағанды облысы қазір "қанық қызыл аймақта" тұр. (Билік вирус өршіген аймақтарды коронавирус картасында "қанық қызыл" бояумен белгілей бастаған). Мұнда күн сайын шамамен мың науқас тіркеліп жүр. Аймақта карантин күшейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG