9 тамызда Қазақстанда 7 235 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл кейінгі кезде тіркелген көрсеткіштерден сәл төмендеу. Бір күн бұрын 7 600-ден астам науқас тіркелген болатын.
Дүйсенбі күні ең көп науқас Алматыда (1486) тіркелді. Нұр-Сұлтанда – 1 161, Қарағандыда – 1061, Шымкентте 570 адамның коронавирус тесті оң көрсеткен. Атырау облысында бір күнде 627 адамнан вирус анықталған. Бұл облыс бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қалған облыстарда анықталған науқастар 300-ге жетпейді.
Қазір Түркістан облысы коронавирустың тарауы бойынша "сары аймақта" тұр. Қалған қалалар мен облыстар "қызыл аймақта".
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 8 тамызда 35 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Сол күні 107 адам өлімі тіркелген: 97 адам – коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Қазір үш ірі қала мен екі облыста карантин күшейген: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау облысы және Қарағанды облысы.
Денсаулық сақтау саласының мамандары вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантының жылдам тарауымен байланыстырады. Дәрігерлердің айтуынша, дельта "ағза таңдамайды, ол жылдам асқынады, созылмалы аурудың жоқтығы аурудың асқынбауына кепілдік бола алмайды".
Індет басталғалы бері 649 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 6973-і қайтыс болған. 2020 жылдың тамыз айынан бері 63 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 3925-і қайтыс болған.
Қазір 112 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 30 мың науқас стационарда жатыр. 1966 адамның жағдайы ауыр, 402 науқастың халі мүшкіл. 232 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Ақпан айынан бері 4,4 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы салынған. 1,4 млн адам бірінші дозасын алған.
ПІКІРЛЕР