Алматы облысының Қарасай аудандық соты "әйелді зорламақ болды" деп айыпталған ("Зорлау" және "Қылмысқа оқталу" баптары) ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы адвокат Жанна Мухамади Facebook парақшасында хабарлады.
"Тергеу кезіндегі қысымға қарамастан (жәбірленуші) Айя жігер көрсетіп, бүгін әділ үкім шықты" деп жазды адвокат.
Сот айыпталушыны капитан атағынан да айырған.
Ақпаратқа қарағанда айыпталушының аты-жөні – Сабыржан Нарынбаев. 1989 жылы туған. Бұрын ол Алматы облысының ұлттық қауіпсіздік департаментінде жедел уәкіл ретінде жұмыс істеген.
Сот үкімі әлі күшіне енбеген.
Жәбірленуші Алматы облысының тұрғыны Айя Өмірзақова Orda.kz сайтына берген сұхбатында оқиға 2020 жылы қыркүйек айында болғанын айтқан. Ақпаратқа қарағанда, ол жігітімен ұрысып қалып, көшеде жалғыз өзі жылаған. Оған бейтаныс ер адам келіп, жанашырлық кейіп танытып, үйіне жеткізіп тастайтынын айтқан.
"Ол діни уағыздар айтып, қиын кезде көмектен бас тартуға болмайтынын жеткізді" деді жәбірленуші. Бұдан соң қыз келісіп, көлікке отырған. Ал жүргізуші жұрт сирек жүретін жерге апарып, қызды "ұрып-соғып, зорлауға тырысқан".
Айя Өмірзақова одан қашып құтылғанын айтады.
"Ол көліктен шығып, жүксалғышты ашты. Не алғысы келгенін білмеймін. Осы сәтті пайдаланып, қашып шықтым. Ол қуды. Мені қуып жетіп, ұра бастады. Шашымнан сүйреп, көлікке қайтадан апармақ болды. Мен айғайладым, ол менің аузымды жабуға тырысты. Мен жерден бір уыс топырақ алып, оған қарай шаштым. Осы кезде ол мені бірден босата салды. Біз жаққа қарай бір көліктің келе жатқанын көрдім. Ол соны көре сала өзінің көлігіне отырып, қашып кетті" деді ол сұхбатта.
ПІКІРЛЕР