Қытайдың Sinopharm компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаның тағы бір түрі Алматыға жеткізілді. Бұл туралы Air Astana компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Air Astana әуе компаниясы Sinopharm-ның Vero Сell вакцинасын тікелей Пекиннен әкелді. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы "СК-Фармацияның" тапсырысымен вакцинаның миллион дозасы екі рейспен жеткізіледі" делінген компания хабарламасында.
Вакцинаның алғашқы партиясы 10 тамызда күндізгі сағат 12 жарымда Алматы әуежайына жеткізілген. Екінші рейс 11 тамызда күндізгі сағат 1 жарым шамасында келеді. Әуе компаниясының хабарлауынша, екпелер қажетті температурада термоконтейнерлермен тасымалданады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстан Sinopharm-нан вакцинаның 4 млн дозасын сатып алған. VeroCell - Қазақстанда тіркеуден өткен бесінші вакцина.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, SARS-CoV-2 (VeroCell) – өлген вирус негізінде әзірленген вакцина. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің нәтижесі бойынша, 21 күн үзіліспен салынған вакцинаның екі дозасы оның коронавируспен күресте 79 пайыз тиімді екенін көрсеткен.
Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданатын төрт түрлі вакцина бар: Қарағанды қаласында шығарылатын ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі (БАӘ елінде дайындалған) және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac вакцинасы. Оның екеуі – Sinopharm мен Sinovac Biotech екпелерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдаған. Қазақстанда жұрт негізінен "Спутник V" мен QazVac салғызады.
ПІКІРЛЕР