Accessibility links

Түркімен билігі азаматтарды VPN-нен бас тартқызып, Құранмен ант беруге мәжбүрлеген


Түркіменстанда үйіне интернет сымын тартқысы келетін азаматтарға жаңа талап қойыла бастады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Түркіменстан әлемдегі ең жабық елдердің бірі, мұнда қарапайым азаматтардың интернет пайдалану құқығы қатты шектелген.

Түркіменстан билігі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары азаматтардан отанға адал болуға ант беруін талап еткен. Енді мұндай ант интернет қолданушыларды шектеу мақсатында қолданыла бастады.

Айнұр есімді тұрғын бір жарым жылдан бері интернет қостыруға талпынып жүр. Үйдегі интернет шетелде жұмыста жүрген күйеуімен сөйлесу үшін керек. Бірақ Айнұрдың талпынысынан түк шықпады.

"Былтыр үйге интернет қостыруға кезекке тұрдым. Кезек бір жарым жылдан соң жетті. Wi-Fi қызметін алу үшін көптеген құжатқа қол қоюға тура келді. Енді VPN қолданбаймын деп Құранмен ант беруімді талап етіп отыр. Интернетте VPN-сіз ешқандай сайт ашылмайды. Не істерімді білмеймін" дейді Азатлык тілшісімен сөйлескен Айнұр.

Түркімен билігі интернетті шектеудің көптеген тәсілін қолданады. Елде интернет жылдамдығы нашар. Әлеуметтік желілер, VPN қызметін ұсынатын сайттар бұғатталған. VPN қызметін телефонға орнататын шеберлер қамалған.

Түркіменстан интернет бостандығы жөніндегі рейтингте интернетке қатты цензура қоятын Беларусь, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Сирия сияқты елдермен қатар ең соңғы орындардың бірінде тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG