Accessibility links

Билік вакцинаның жалған паспортын жасаушылар мен сатқандардың ұсталғанын хабарлады


Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Таразда вакцинаның жалған паспортын заңсыз сатумен айналысқан медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы қаржылық қадағалау агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттік "Жалған құжат жасау" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 385-бабы) жеті іске байланысты тергеу жүргізе бастаған.

Агенттіктің мәліметінше, вакцинаның жалған паспортын 37 адам алған. Күштік құрылымдарға олардың аты-жөні де белгілі. Жалған құжат жасау ісі бойынша тағы 12 адам күдікке ілінген. Олардың сегізі – медицина қызметкері.

Ақпаратқа қарағанда, вакцинаның жалған паспорттары 5-30 мың теңге көлемінде сатылған.

6 тамызда полиция 2021 жылдан бастап "жалған құжат жасау бойынша" 110 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған. 60-ы – ПТР-тестті қолдан жасау, 50-і вакцинаның жалған паспортымен байланысты.

Қазақстанда вакцина паспорты коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алғандарға беріледі. Билік тұрғындарды вакцина алуға міндеттей бастағаннан кейін вакцинаның жалған паспорты жайлы ақпараттар жиілей бстаған. Вакцина алмағандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл әсіресе қызмет көрсету саласында еңбек ететіндерге қатысты.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 4,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алған. Олардың қаншасы жалған паспорт пайдаланатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG