Түркістан облысы Отырар аудандық сотының үкімімен "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысқаны" үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген азаматтық белсенді Сәбит Сыздықбек түрмеге қамалды. Соттың түсіндіруінше, ол "заңда белгіленген талаптарды орындамаған". Туыстары оның денсаулығына байланысты пробация қызметіне тіркелмегенін айтады.
Қаулы 10 тамыз күні түнде шыққан. Түркістан облыстық сотының мәліметінше, Сыздықбек жазасын өтеу кезінде "заңда белгіленген талаптарды орындаудан қаскөйлікпен жалтарған". Сол үшін жазасының қалған 9 ай 15 күні бас бостандығынан шектеу түрінен бас бостандығын айыру жазасына ауыстырылған.
Сәбит Сыздықбектің інісі Нұрлан Сыздықбектің айтуынша, белсенді қазір Отырар аудандық полиция басқармасында қамауда жатыр. Денсаулығына байланысты пробация қызметіне тіркелуге бармаған. Полиция үйіне келген кезде үйінде ем қабылдап жатқан. Сот шешіміне байланысты апелляциялық шағым түсірген.
Сәбит Сыздықбек 2020 жылдың ақпан айында Facebook-тегі жеке парақшасында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдайтынын айтып, видеоүндеу жариялаған. (Шетелде жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов негізін қалаған бұл ұйымды Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған). 2021 жылы наурызда Отырар аудандық соты сол үшін оның бас бостандығын бір жарым жылға шектеп, 3 жылға дейін әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салған.
Оған дейін белсенді Шымкентке келіп, президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін басқарып, билікке ықпалын сақтап отыр делінетін Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, бейбіт митингіге шыққандарға қысым жасамауды талап етіп бірнеше рет наразылық білдірген. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.
ПІКІРЛЕР