Accessibility links

Беларусь билігі Tut.by және Zerkalo.io сайттарын "экстремистік" деп таныды


Tut.by сайтының тұтқындалған қызметкерлері.
Tut.by сайтының тұтқындалған қызметкерлері.

Минск соты 13 тамыз күні Zerkalo.io, Tut.by сайттары мен олардың әлеуметтік желілеріндегі барлық ақпарат өнімін, сондай-ақ осы екі басылымның логотиптерін "экстремистік материалдар" деп таныды. Бұл жайында Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Бұған дейін Беларусь ішкі істер министрлігі сотқа шағым түсірген. Республикалық сараптау комиссиясы "Tut.by ақпарат ресурсының наразылық іс-шараларын ақпаратпен қамтамасыз ету, деструктивті үндеулер жасау үшін мүмкіндік беру жөніндегі әрекеттері Беларусь Республикасының ұлттық мүддесіне зиян келтіреді" деген қорытынды жасаған. Zerkalo.io сайты материалдары да "экстремистік" деп танылды, өйткені оның жұмысына Tut.by-дың бұрынғы қызметкерлерінің кейбірінің қатысы бар деп саналады. Оның редакциясы шетелде жұмыс істейді.

Беларусьте бұдан былай осы екі сайттың кез келген өнімін тарату әкімшілік құқық бұзу болып саналады.

Tut.by сайты Беларусьте ең танымал әрі оқырман жиі кіретін сайттардың бірі болды. Ол былтыр елдегі наразылық акцияларының барысын белсенді түрде баяндаған еді, бірақ ешқандай саяси күшпен тікелей байланысты болмаған. Биыл мамыр айында сайт бұғатталды, әрі портал басшылығы, журналистер мен Tut.by-дың басқа да қызметкерлерінің үстінен "салық төлеуден жалтарды" деген айыппен қылмыстық істер қозғалды. Барлығы 15 адам қамауға алынды.Сөйтіп, портал іс жүзінде жұмысын тоқтатты. Оның командасының бір бөлігі басылымның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жұмысын жалғастырған-ды.

Редакциясы Киевте орналасқан Zerkalo.io веб-сайтын Беларусь билігі сайт жұмысының алғашқы күнінде-ақ жауып тастаған болатын.

  • Жақында Александр Лукашенко режимі өз қарсыластарының арасынан журналистерге, құқық қорғаушыларға, қоғам белсенділеріне және саясаткерлерге қысымды күшейтті. Былтыр 9 тамыздағы президент сайлауының ресми қорытындысына қарсы жаппай қоғамдық шаралар өткен бір жыл ішінде мыңдаған адам ұсталды, ондаған қылмыстық іс қозғалды.
  • Батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Еуропа Одағы Лукашенко мен оның төңірегінде жүрген адамдарға қарсы бірнеше санкция енгізді. Ресми Минскіге бейбіт шерулерді қатыгездікпен басып-жаншыды және сайлау барысында ауқымды алаяқтық жасады деген айып тағылды. Алтыншы рет президенттік сайлауға түсіп, өз кандидатурасын ұсынған Лукашенконы Батыс заңды түрде сайланған мемлекет басшысы деп мойындамай отыр. Минск билігі өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығаруға тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG