Accessibility links

АҚШ әскері Кабулға елшілер мен бейбіт адамдарды эвакуациялауға көмектесуге келді


Ауғанстанның "Талибан" басып алған солтүстік аймағынан қашып келген босқын әйелдер ел астанасы Кабул қаласындағы саябақта таратылып жатқан азық-түлікті алу үшін кезекте тұр. 13 тамыз 2021 жыл.
Ауғанстанның "Талибан" басып алған солтүстік аймағынан қашып келген босқын әйелдер ел астанасы Кабул қаласындағы саябақта таратылып жатқан азық-түлікті алу үшін кезекте тұр. 13 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" радикал қозғалысының қарулы жасағы нысанаға алған Ауғанстан астанасынан АҚШ елшілігі қызметкерлерін эвакуциялауға жәрдемдесуге және астаналық әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жіберілген америкалық үш мың сарбаздың алғашқы тобы осы Кабул қаласына жетті.

Пентагон баспасөз хатшысы Джон Кирби қосымша үш мың сарбаздың көбі 15 тамызға дейін орналасып болған соң, әскерилер "күніне мың адамды" Ауғанстаннан шығара бастайды деп мәлімдеген. "Талибан" қозғалысы шабуылын үдетіп, кейінгі бірнеше күнде Ауғанстандағы екі ірі қаланы – солтүстіктегі Герат пен оңтүстіктегі Қандағарды басып алғаннан кейін АҚШ Кабулға шұғыл түрде қосымша әскер аттандырған. Ел астанасынан кейінгі екінші және үшінші ірі қалаларды тәліптердің оңай жаулап алуы енді санаулы күннен кейін Кабулға да шабуылдайды деген болжамды бекіте түсті.

Кирби "Талибан" қарулы жасағы "Кабулды қоршауға тырысып жатқанын" мойындаса да, бірақ қазіргі уақытта қала "қауіпті құрсауға түспеген" дейді. Ауғанстаннан әскерді әкетуді бұйырған АҚШ президенті Джо Байденді әсіресе конгрестегі республикашылдар қатты сынап жатыр.

13 тамызда сенаттағы оппозиция лидері Митч Макконнелл (Кентукки штатынан сайланған республикашыл) АҚШ тәліптерге әуеден соққы беруді бастап, Ауғанстан үкіметінің әскеріне жәрдемдесуі керек деп мәлімдеген.

Бұған дейін президент Байден 11 қыркүйекке дейін АҚШ әскері Ауғанстаннан түгелдей шығып кетеді деп уәде еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG