Пентагон Ауғанстандағы АҚШ азаматтары мен АҚШ-пен ынтымақтаса жұмыс істеген ауған азаматтарын эвакуациялауға көмектесу үшін әскери контингентін 6 мыңға дейін жеткізеді. Бұл мәліметті "Америка дауысы" АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің кейбір қызметкерлеріне сүйене отырып хабарлады.
Жексенбі күні ауған астанасының тұрғындары Кабулдың Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежайы төңірегінде атыс болып жатқаны жайлы хабар таратқан.
АҚШ азаматтары мен АҚШ-пен ынтымақтастықта жұмыс істеген ауған азаматтарының негізгі бөлігі осы әуежайдан эвакуацияланады.
15 тамызда тәліптер Ауғанстанның шығысындағы маңызды қала Жалалабадты соғыссыз алған. Оның алдында Мазари-Шариф қаласын алғанына бір тәулік те өтпеген. Ауған үкіметінің бақылауында ірі қалалардан тек Кабул ғана қалған.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани 14 тамызда телеүндеу жасап, кейінгі 20 жылдың "жетістігін" қорғауға уәде еткен.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, "Талибанды" биліктен кетірген. АҚШ әскері биыл мамырдан бастап елден шығарыла бастады. Содан бері "Талибан" белсенділігін арттырып, ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты.
ПІКІРЛЕР