Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі қызметін әрі қарай жалғастыра береді. Бұл жөнінде Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
– Ауғанстандағы жағдайға байланысты елшілік қызметкерлері азайтылды, бірақ елші мен тағы бірнеше қызметкер жұмыс істеп жатыр. Елшілікті алып кетуге де мүмкіндігіміз бар. Бірақ басшылық шешімі бойынша олар қалатын болды. Жағдай қатты ушықса, шешім өзгеруі мүмкін, – деді ол.
Бұған дейін Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Кабулдегі елшілігі мен Мазари-Шариф қаласындағы консулдығы жұмысын жалғастыратыны, эвакуацияланбайтыны жөнінде хабарлаған.
Кейінгі күндері Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы осы елдегі ірі қалаларды басып ала бастады. Жалалабад, Мазари-Шариф сияқты ірі қалалары мен астанасы Кабул қаласының тәліптер бақылауына өте бастағаны жайлы хабар жиілеген.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани шетелге шығып кетті деген хабар тараған.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, "Талибанды" биліктен кетірген. АҚШ әскері биыл мамырдан бастап елден шығарыла бастады. Содан бері "Талибан" белсенділігін арттырып, ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты.
ПІКІРЛЕР