Accessibility links

Өзбекстан Ауғанстаннан қашқан 46 ұшақ пен тікұшақты қонуға мәжбүрлегенін мәлімдеді


Кабул әуежайы маңындағы АҚШ-тың тікұшағы. Ауғанстан, 15 тамыз, 2021 жыл.
Кабул әуежайы маңындағы АҚШ-тың тікұшағы. Ауғанстан, 15 тамыз, 2021 жыл.

Өзбекстан билігі шекарадан заңсыз өткен Ауғанстанның 46 ұшағы мен тікұшағын қонуға мәжбүрлегенін хабарлады. Ауған ұшағы мен тікұшағында барлығы 585 әскери қызметкер болған.

Өзбекстан прокуратурасының мәлімдемесіне қарағанда, тамыздың 14-і мен 15-інде Өзбекстанның оңтүстігіндегі Термез қаласының әуежайына Ауғанстанның 22 әскери ұшағы мен 24 әскери тікұшағын Өзбекстан әскери әуе күштері мәжбүрлеп қондырған.

Ауғанстанның бір ұшағы Өзбекстанның жойғыш ұшағымен соқтығысып, шекарадағы Сурхандария облысына құлаған. Екі ұшақтың да ұшқыштары катапультпен секіріп, тірі қалған. Бұл мәлімдеме Өзбекстан қорғаныс министрлігінің "Ауғанстанның әскери ұшағын Өзбекстанның әскери әуе күштері атып түсірді" дейтін бұған дейін тараған хабарға қайшы келеді.

Өзбекстан прокуратурасының мәліметіне қарағанда, тағы да 158 ауған азаматы Өзбекстанмен шекараны жаяу кесіп өткен. Оның ішінде әскери қызметкерлер де, қарапайым адамдар да бар.

Мәжбүрлеп қондырылған ұшақтар мен тікұшақтар ішіндегі ауған әскери қызметкерлерінің қазір қайда екені айтылмаған.

Орталық Азияның Ауғанстанмен шектесетін тағы бір республикасы – Тәжікстан да 16 тамызда Ауғанстанның жүзден астам әскери қызметкері бар екі ұшағына тәжіктің Бохтар қаласына қонуға рұқсат бергенін мәлімдеген болатын.

15 тамызда Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елінен қашып, демократиялық жолмен сайланған үкімет құлады. Соңғы кездері елдің барлық аумағын жаулап жатқан "Талибан" тобы президент сарайын алды. Осы оқиғадан соң Кабулда аласапыран басталып, шетелдіктер мұндағы дипломаттарын жаппай әкетіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG