Accessibility links

"Ғимаратты жалға бергені үшін" Rixos қонақүйі менеджерлеріне айыппұл салынды


Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин

Карантин ережелерін бұзып, көп адам қатысқан жиын өткізгені үшін Алматыдағы Rixos қонақүйіне 30 айлық есептік көрсеткіш (87 510 теңге немесе 205 доллар) айыппұл салынды. Бұл жөнінде 17 тамызда өткен брифингте Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. "Шілденің соңында Rixos қонақүйі алдында бір топ адам фотоға түсіп тұрған видеороликке қатысты жазаланғандар бар ма?" деген журналист сауалына Бекшин осындай жауап қайырды.

Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында сол фото түсірілген кезден бері Алматыда банкет залдарының жұмыс істеуіне, көп адам қатысқан шара өткізуге тыйым салынған. Әңгіме иудаизмнің бір ағымы Хабад-Любавич өкілдерінің қымбат қонақүйде өткен жиыны туралы. Шараға жиналған жұрт осы ағымның 77 жыл бұрын Алматыда қайтыс болған жетекшісі Шнеерсонды еске алған.

Осы шара туралы хабар таратқан түрлі онлайн дереккөздердің хабарлауынша, қонақүй алдындағы топтық фотоға 200-ге тарта адам түскен. Бұған қоса олардың ғимарат ішінде, соның ішінде банкет залында түрлі шара өткізгенін көрсететін фоторепортаждар да жарияланған. Шарадан түсірілген фото және видеоматериалдар әлеуметтік желіде жұрттың ашуын туғызған соң Алматының ресми органдары карантин шектеуі кезінде жиын ұйымдастырған Алматыдағы орталық синагоганың раввиніне 30 АЕК айыппұл салғанын хабарлаған.

Сол кезде Rixos қонақүйі бас санитар дәрігердің қаулысын "бұзбағаны", себебі ғимарат ішінде ешқандай шара өтпегені, ал сыртта болып жатқан жиын туралы мейманхана басшылығының "хабары болмағаны" айтылған.

17 тамызда Бекшин "осы шараны өткізіп, ғимаратты бергені үшін" қонақүй әкімшілігіне айыппұл салынғанын айтты.

— Бақылау тобының материалы бойынша, синагога тарапынан да "Риксос" тарапынан да басқарған, ұйымдастырған адамдар жазаланды, оларға айыппұл салынды, — деді Бекшин.

Бас санитар дәрігер қанша менеджердің жазаланғанын, олардың айыппұлды жеке тұлға я ұйым атынан төлеуге міндеттелгенін ашып айтпады.

Алматыда өткен шара туралы жан-жақты ақпарат түрлі халықаралық басылымдарда, әлеуметтік желілерде жарияланды. Мәселен "Днепр еврейлер қауымдастығы сайтында" еврей күнтізбесі бойынша ав айының 20-сында (біздің күнтізбе бойынша 29 шілде) Алматыда өткен жиын туралы есеп, фоторепортаж берілген. Айыппұлға негіз болған бір топ адамның суретінен басталатын материалда еврей дәстүрлі киімін киген адамдардың маска тақпастан түрлі шараға қатысып жатқаны, мәжіліс залында, банкет залында отырғаны бейнеленген.

Еврейлердің халықаралық қайырымдылық ұйымы сайтының жазуынша, бұл шараға Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Эстония және Литвадан раввиндер қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG