Тәліптер Ауғанстанды басып алғанда елден кеткен ауған президенті Ашраф Ғани мен оның отбасын Біріккен Араб Әмірліктері паналатты. Бұл туралы БАӘ сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Министрліктің баспасөз хабарламасында БАӘ-нің бұл қадамға гуманитарлық мақсатта барғаны айтылады.
Ашраф Ғани Ауғанстаннан 15 тамыз күні "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым танылған) Кабулды құрсауға алған тұста кеткен. Осыдан кейін олар қаланың ішіне еш қарсылықсыз кірген. Кейінірек Ғани Facebook-те "тәліптердің жеңгенін", елден қантөгіске жол бермеу үшін кеткенін айтты.
Сәрсенбі, 18 тамызға дейін оның қайда болғаны белгісіз еді. Түрлі расталмаған ақпаратта оны біресе Тәжікстанға, біресе Өзбекстанға барды деп көрсетті.
БАӘ – 1996-2001 тәліптер режимін мойындаған үш елдің бірі. Қалған екеуі: Сауд Арабиясы мен Пәкістан.
ПІКІРЛЕР