19 тамыз күні Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен қала прокуратурасы баспасөз мәслихатын өткізіп, жергілікті тұрғын Анатолий Рейбанттың "өлімі жөніндегі сотқа дейінгі тергеу барысы" туралы баяндады. Құқық қорғау органдары баспасөз мәслихатын Рейбанттың анасын аштық жариялап отырған тұста өткізді. Марқұмның анасы полицияның ұлын ұрып-соққанын, оның соның салдарынан қайтыс болғанын айтып, жауапты деген полицейлерді жазаға тартуды талап етеді.
Прокуратура мен полиция өкілдері журналистерге Рейбанттың өлімі жөнінде қозғалған іс 2017-2021 ерекше бақылауда болғанын, анасының мәлімдемелері расталмағанын айтты.
— 2017 жылғы 2 наурыздағы оқиға мен Анатолий Иванұлы Рейбанттың өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, зардап шегушінің уәждері расталмады, себебі олар тұспалдауға сүйеніп айтылған» деді облыстық полиция департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Арман Атанов.
Баспасөз мәслихатының қатысушылары Анатолий Рейбанттың анасы Ирина Рейбанттың анасы аштықты тоқтатты, халі тұрақты деді.
Алайда марқұмның баспасөз мәслихатына сұрақ қоюға келген бауыры Татьяна Рейбант анасының әлі де тамақтан бас тартып отырғанын, аштықты тоқтатпағанын айтты, спикерлердің берген ақпаратына наразылық білдірді.
— Эксгумацияға жасалған сараптамаға неге назар аудармайсыздар? [Сараптама] спирттің болмағанын көрсетті ғой. Сіздерде оның үйде болғаны туралы видео жазба бар. Олар тұрған жерде бәрі фиксация болған. Ол бір бөтелке сыра ішкен, одан кейін баласы мен әйелінің жанында болған. Одан әрі ішті деп неге айтасыздар? Ондай жағдай болған жоқ қой. Неге эксгумацияға назар аудармайсыздар? Суреттер мен сипаттамалары бар, ол жерде бас сүйегінің бет жақ бөлігі сынғаны көрсетілген. Ол ауруханаға жүгінгенде оған хирургиялық көмек көрсетуге жолдама берілмеген, ал бізде қағазсыз кім қабылдайды? Апталдай жігіт болатын, жасы небәрі 25-те еді, — деді ол көзіне жас алып.
Татьяна Рейбанттың бұл сөзінен кейін спикерлер мәслихатты аяқтауға асығып, видеотрансляцияны үзіп тастады. Баспасөз мәслихаты 15 минутқа жетпеді.
Тамыз айының басында Ирина Рейбант қалалық прокуратурадан іс материалдарының көшірмесін сұраған. Бірақ оның өтініші орындалмаған. Ведомство өкілдері қылмыстық істерді бас прокуратура сұратқандықтан көшірмесін бере алмайынын айтқан.
61 жастағы Ирина Рейбант 25 шілдеден бері аштық ұстап жатыр. Қазір ол тек су ішеді. Ол ұлын ұрып-соққан полиция қызметкерлерінің үстінен іс қозғалып, сотқа берілмейінше аштықты жалғастыра беретінін айтты. Ол бұған дейін жалғыз адамдық пикеттерге шыққан.
Ирина Рейбанттың сөзіне қарағанда, 2017 жылы наурыз айында ұлы Ресейге қайтар алдында "сапарын атап өту үшін" досымен бірге қоғамдық орында ішімдік ішкен. Мұны полицейлер көріп қалып, әуелі бөлімшеге, кейіннен Бейімдеу және детоксикация орталығына апарған.
Ирина мен күйеуі Иван Рейбант оқиғаны естіп, орталыққа барған кезде аулада ұлы Анатолийді бес полицейдің ұрып жатқанын көрген. Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросына берген сұхбатында Ирина Рейбант ол сәтті былайша сипаттаған.
Рейбанттар отбасының "ұлымызды сабады" деп, Петропавл қалалық полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп жүргеніне бесінші жыл. Туыстары Анатолий Рейбанттың ажалы ұрып-соғудың салдарынан болды деп санайды. Жақында бұл іс "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен кезекті рет жабылды. Прокуратура марқұмның "өз-өзін жарақаттағанын" айтады.
ПІКІРЛЕР