Ресейде Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы "Спутник V" екпесін "дельта" вариантының ерекшілігіне қарай түрлендірді. Бұл туралы орталықтың директоры Александр Гинцбург мәлімдеді.
"Әзірленген вакцинаның конструкциясы тоңазытқышта тұр" деп келтірді Гинцбург сөзін "Интерфакс" агенттігі.
Гинцбург сөйте тұра түрленген вакцинаның тиімділігі туралы айтуға әлі ерте дейді.
Осының алдында "Спутник V" екпесінің "дельта" вариантына қарсы тиімділігі 83 пайыз деп айтылған. Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко екпенің ауыр халге түсуден қорғау тиімділігі 95 пайыз деп айтқан.
Санкт-Петербургтегі бір топ ғалымның қорытындысына қарағанда, вакцинаны толық салдырған адамдарда коронавирус жұқтырғанда ауыр халге түсіп қалу ықтималдығы бес есе төмен болады. Ғалымдар шілде мен тамыз аралығында коронавируспен ауырған 14 мың адамның денсаулығын зерттеген деп жазды РБК.
Зерттеу авторлары қандай вакцинаны назарға алғанын айтпады. Бірақ ресми дерекке қарағанда, Санкт-Петербургте 27 шілдеге дейін екпе салдырғандардың 97 пайызы "Спутник V" вакцинасын алған. Соған қарағанда, зерттеуде осы екпе туралы болып отыр.
"Спутник V" вакцинасын Қазақстанда да салып жатыр. Екпені қазір Ресейден алынған қоспалардың негізінде Қарағандыдағы зауытта өндіріп жатыр.
11 тамыз күні Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Марал Рахымжанова Қазақстанның сол уақытқа дейін 12 миллион вакцина дозасын сатып алғанын, соның 10,8 миллионы "Спутник V" екенін айтқан. Шенеунік жыл соңына дейін осы екпенің тағы 4 миллион дозасы алынады деді.
ПІКІРЛЕР