Accessibility links

Ақтөбеде жүргізушілер ереуілі екінші күн жалғасып жатыр


Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері жалақы төлеуді талап етіп, жұмысқа шықпады. Ақтөбе, 19 тамыз, 2021 жыл.
Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері жалақы төлеуді талап етіп, жұмысқа шықпады. Ақтөбе, 19 тамыз, 2021 жыл.

Шілде айының жалақысын төлеуді талап еткен Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің ереуілі жалғасып жатыр, қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы толық қалпына келген жоқ. "Автопарк" компаниясының 80 жүргізушісі 20 тамызда екінші күн жұмысқа шықпады. Олар шілде айының жалақысы төленбейінше, ереуілді жалғастыра беретінін айтады.

- Жұмысқа бүгін де шықпадық. Өйткені компания басшылары "шілденің жалақысы "әні төленеді, міне төленеді" деп бізді тамыздың жиырмасына дейін алдарқатып келді. Шыдамның да шегі бар! Жалақымызды қолымызға ұстатқан сәтте жұмысқа қайта кірісеміз. Басқа талабымыз жоқ, - дейді өзін "Талғат" деп таныстырған автобус жүргізушісі.

Сексен адамның жұма күні де жұмысқа келмегенін "Автопарк" компаниясының басшысы Ағарыс Тілеулесов те растады. Тілеулесовтің сөзінше, 20 тамызда желіге 140 автобустың орнына 32-сі шыққан.

- Шілде айының жалақысы берілмесе де ереуілшілерге қосылмай, жұмыста жүрген 17 адамға кеше 2 млн 145 мың теңге бердік. Ереуілшілер арасындағы 56 адамға компания шілде айы үшін 5 млн 665 мың теңге қарыз. Жұмысқа шықпай отырған сексен адамның 24-і жалақысын уақтылы алып жүр. Соған қарамастан олар әріптестеріне қолдау білдіріп, ереуілшілер қатарына қосылған. Компанияда қолма-қол ақша жоқ. Сондықтан біз ереуілшілердің тез арада банк картасын рәсімдеп, жұмысқа шығуын талап етеміз, - деді "Автопарк" компаниясының директоры Ағарыс Тілеулесов.

Компания өкілі ереуілдің алғашқы күні "Алимент төлеуден қашып жүрген, несие қарызы бар 40 адам карта ашпай жүр. Шілде айының жалақысын алмаған да солар" деген. Бүгін шілде айының жалақысы 73 адамға төленбегені белгілі болды.

Автобус жүргізушілерінің ереуілінен соң Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы "Автопарк" компаниясын тексере бастады.

- Қазақстанның Еңбек кодексінде "жалақы картаға аударылсын, болмаса қолма-қол төленсін" деп көрсетілмеген. Заң бойынша жұмыс беруші әр айдың алғашқы он күні ішінде ұлттық валютамен есеп айырысуы керек. "Автопарк" жұмысшыларының конституциялық құқы бұзылған болуы мүмкін. Оны тексеру барысында анықтаймыз. Тексеруге бүгін кірістік, - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Исқарин.

Ақтөбе әкімдігі автобус қозғалысын реттеу үшін қала ішіндегі тасымалға жауапты екінші мекеме "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" 13 автобусын "Автопаркке" тиесілі бағыттарға қосқан. Ол автобустар бүгін жолаушы нөпірі көп №7, №11, №24 бағытпен кісі тасып жүр. Яғни, күн сайын 140 автобус шығатын желіде "Автопаркке" тиесілі 32, "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнына" тиесілі 13 – барлығы небәрі 45 автобус бар.

Ақтөбе 500 мыңдай тұрғыны бар ірі шаһар әрі Ақтөбе облысының орталығы. Халық саны жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкенттен кейінгі төртінші орынды алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG