Ауғанстан астанасы Кабул қаласынан Алматыға БҰҰ қызметкерлерін отырғызған екінші рейс келді. Бұл ақпараттты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі таратты. БҰҰ ресми өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, ұшақта 120 адам болған, оның ішінде Ауғанстанда БҰҰ-мен серіктес жұмыс істеген үкіметтік емес бірнеше ұйым мүшелері бар.
Бұған дейін Кабулдан Алматыға БҰҰ-ның жүздеген халықаралық қызметкерлері мен Ауғанстан бойынша миссиясының (UNAMA) қызметкерлері келген болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы миссиясының басшысы және арнаулы өкілі Дебора Лайонс олардың 60-қа жуығы Кабулдағы қызметкерлерге қашықтан қолдау көрсету үшін Қазақстанда қалғанын хабарлаған.
Ауғанстаннан Алматыға келгендердің барлығының қолында БҰҰ паспорты бар.
Тамыздың алғашқы жартысында жылдам шабуылға шығып, Ауғанстанның ірі қалаларын тез бағындырған "Талибан" қозғалысы 15 тамызда Кабулды соғыссыз алған соң "Ауғанстанға толық бақылау орнаттық" деп мәлімдеген.
Кабул әуежайын әзірге АҚШ қарулы күштері бақылап тұр. Бірақ әуежайға барар жолдарды тәліптер бақылайды. "Қуғындамаймыз" деген тәліптердің уәдесіне сенбейтін ондаған мың адам әлі де Кабул әуежайына келіп, шетелге кетуге ұмтылып жатыр. Әуежайға кіре берісте тұрған АҚШ әскери қызметкерлері дүрбелең күшейіп кетпес үшін әуежайға бәрін бірдей жібермейді.
ПІКІРЛЕР