Accessibility links

Шымкент ауруханасында қайтыс болған адамның "оттегі жетпейтіні" жайлы хатынан соң қылмыстық іс қозғалды


Аурухананың сырт жағында босаған оттегі баллонын көлікке тиеп жатқан адам. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
Аурухананың сырт жағында босаған оттегі баллонын көлікке тиеп жатқан адам. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

23 тамыз күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық полиция басқармасы Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында "оттегі жетпей жатқанын" жазып қайтыс болған ер адамның хатына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық полиция департаменті хабарлады.

22 тамыз кешке Instagram желісіндегі Elbasy_live парақшасында орталықта коронавирустан қайтыс болған Бақ есімді адамның хатын жариялады. Хатта ол өзіне оттегі жетпей жатқанын, оттегіні жиі өшіретінін және өліп қалуы мүмкін екенін жазып, басқа жерге алмастыруды сұрайды.

Парақша жүргізушісінің Азаттыққа жазуынша, жазбаны аты-жөнін жариялауды қаламайтын орталық қызметкері жіберген. Хат марқұмның туысқандарына жетпеген.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, орталықта хаттың иесі болуы мүмкін деген адам қайтыс болған. Оның отбасында үш адам коронавирус жұқтырып, орталыққа түскен. Туыстары марқұмның жерленгенін айтқан.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл хаттың орталықтан шаққанын растай да алмайды, жоққа да шығармайды. Орталықтың бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова оттегі толық жететінін, оттегі жетіспеушілігінен қайтыс болған адам жоқ екенін айтады.

Десе де полиция әлеуметтік желіде тарап кеткен хатқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" (317-бап) бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Қазақстанда кейінгі айда Covid қайта өршіп, ресми статистикаға сай күніне алты-жеті мыңнан аса адамнан коронавирус табылып жатыр. Ауруханаларда орын мен оттегі жетпей, қайтыс болғандар саны да өсті. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырып, ауыр халде жатқандардың көбі екпе алмағандар деп мәлімдеді.

Қазақстанда былтырғы наурыздан бері 811 мыңнан аса адам Covid дертіне шалдығып, 12 мыңнан астам адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG