Accessibility links

Кейінгі 40 жылда сыртқы күштен жеңілмеген Панжшер тәліптерге қарсы тұрды. Соңы не болмақ?


Панжшер уәлаяты, Ауғанстан. 19 тамыз 2021 жыл.
Панжшер уәлаяты, Ауғанстан. 19 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" бақылауға алмаған Панжшер уәлаяты тәліптерге қарсы тұратынын мәлімдеді. Жергілікті жұрт бұл қарсылықты қолдағанымен, тәліптер құрсауына түсіп қаламыз ба деп алаңдайды.

Ауғанстандағы 34 уәлаяттың ішінде "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билігі толық орнамаған жалғыз аймақ қалды. Ол – ел астанасы Кабулдан 115 шақырым жердегі Панжшер уәлаяты. Онда тәліптерге қарсы топ құрылып, ол топ Панжшер шатқалына бекінді. Жергілікті жұрт олардың бұл күресін қолдайды, бірақ таулық аймақтың тәліптер құрсауына түсуінен, салдарынан таршылық көруден сескенеді.

"Соғыс кісі өлімі мен қаржылай шығынға, адамдардың босып кетуіне әкеледі" дейді 25 мың адам мекен ететін Рох ауданының 31 жастағы тұрғыны Мохаммад Баас. "Тәліптер тіпті уәлаятқа эмбарго жариялап, азық-түлікті әкелу жолын жан-жақтан бөгеп тастауы мүмкін".

Тәліптерге қарсы күшті жинап жүрген – 32 жастағы Ахмад Масуд. Ол – 1980 жылдары Совет әскерімен шайқаста, 1990 жылдары тәліптермен күресте аты шыққан қолбасшы Ахмад Шах Масудтың ұлы. Кіші Масудтың жанында тәліптерге төтеп беруге дайын мыңдаған жауынгердің бары айтылады.

Ахмад Масуд.
Ахмад Масуд.

Бірақ Масуд соғыс басталғанын қаламайтынын, оның орнына тәліптермен келіссөз жүргізгенді құп көретінін айтады.

"Тәліптердің келіссөз жүргізуден басқа жолы жоғын түсінгенін қалаймыз" деді Масуд Reuters агенттігіне.

Масуд 15 тамызда Қабулға кіріп, Ауғанстанды өз бақылауына алғанын мәлімдеген "Талибанды" әртүрлі этникалық топтардан тұратын орталықтанған үкімет құруға шақырып отыр.

Масудтың әскерінде жергілікті сарбаздар мен бұрынғы үкіметтің Панжшерге шегінген әскери қызметкерлері бар. Олар өздерімен бірге жүздеген әскери көлік пен бес әскери тікұшақ апарған.

15 тамызда Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кеткен соң өзін "заңды президент" деп жариялаған бұрынғы вице-президент Амрулла Салех Ахмад та Масудты демеп отыр. Өзі Панжшер тумасы 48 жастағы Амрулла Салех – уәлаят халқының қолдауына ие адам.

Амрулла Салех.
Амрулла Салех.

Бірақ тәліптер де берілейін демейді. Уәлаятқа жүздеген жауынгер жібергенін айтады.

ТӘЛІПТЕРДІҢ ҚҰРСАУЫ

23 тамыз күні "Талибан" өкілі Забиулла Мужахид тәліптердің Панжшерді құрсауға алғанын мәлімдеді. "Жау Панжшер ішінде қоршауда қалды" деп жазды ол Twitter желісінде. Сөйте тұра ол тәліптердің "мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысып жатқанын" айтты.

Мужахид сондай-ақ көршілес Бағлан уәлаятындағы Бану, Дех Салах және Пол-е-Хесар аймақтарының "жаудан толық тазарғанын" мәлімдеді. Бірақ басқа дереккөздерге қарағанда, тәліптерге қарсы жергілікті топ бұл үш аймақты олардан тартып алып, өз бақылауына алған.

Панжшерде тұратындардың көбі Бадахшан, Бағлан, Капис, Парван, Тахар уәлаяттары да тәліптерге қарсы тұрады деген үмітте. Бұл аймақтарда да жергілікті тұрғындардың көбі – тәжіктер. Олар о бастан пуштундар басым келетін "Талибан" қозғалысына сақтықпен қараған.

Расталмаған хабарламалар Яр Мохаммад Достум бастаған мыңдаған өзбек тәліптерге қарсы топқа қосылды дейді. Яр Мухаммад Достум – 20 жыл бұрын Өзбекстан қарулы күштерінің командирі болған, "Талибанға" қарсы әскерге қолбасшылық еткен, жоғары лауазымды қызметтерде болған Абдул Рашид Достумның ұлы.

"Тәліптер бұдан Панжшер айналасындағы аудандардан айырылады, ал осы аудандар арқылы біз тауардан үзілмейміз" дейді қарсы тобына қатысы бар Панжшер тұрғыны.

"Бұл ауданда тәліптерге наразылық өте күшті және "Талибан" үшін оларды бақылауда ұстау қиынға соғады" дейді ол аты-жөнін атамауды сұрап.

Қалғандары алдаңғы бұлыңғыр уақытқа дайындалып әлек. Ұзақмерзімді құрсауға түссе, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы шарықтауы мүмкін, сол себепті шамасы келгендер алдын ала қамданып жатыр.

"Панжшер таулы аймақ және [өз-өзін қамти алмайды]. Соғыс жалғаса берсе, экономикалық қиындыққа тап боламыз" деді Панжшерде тұратын Файз Азаттық радиосының Ауған қызметіне.

ҚҰРСАУҒА ТҮСУДЕ ТӘЖІРИБЕСІ БАР ПАНЖШЕР

Үлкендер 1990 жылдары уәлаят бес жыл бойы тәліптердің құрсауында болғанын еске алады. Бұл құрсау тәліптер үшін сәтсіз аяқталған. Олар Ахмад Шах Масудтың қатты қарсылығынан соң Панджерді бақылауға ала алмаған. Панжшер – соғыстан көз ашпаған кейінгі 40 жылда сыртқы күштердің бақылауында болмаған жалғыз уәлаят.

Рох ауданында тұратын 42 жастағы Жамшид 1990 жылдардағы қиындықтар кезінде азық-түлік қымбаттап, жергілікті базарда "тұздың қорабы 7 доллар" тұрғанын еске алады.

Тәліптерге қарсы топқа жаңадан қосылған қарулы ерлер. Панжшер уәлаяты, 18 тамыз 2021 жыл.
Тәліптерге қарсы топқа жаңадан қосылған қарулы ерлер. Панжшер уәлаяты, 18 тамыз 2021 жыл.

Жамшид ендігі соғыс кезінде біршама адамның жараланатынына, қаза табатынына алаңдайды.

"Соғыстан шаршадық. Бірақ "Талибан" қоршауында қалып көргенбіз. Қажет болса, тағы да қарсы тұрамыз" деді Жамшид Азаттықтың Ауған қызметіне. "Бізге бақытсыздық, әділетсіздік пен бейберекетсіздік орнатпақ болғандардың бәріне қарсы тұрамыз".

Халықаралық әскер Ауғанстаннан әлі де кетіп жатыр. Тәліптерден қашқан азаматтарды эвакуациялау да жалғасып жатыр.

"Талибан" қозғалысы үкімет құру туралы келіссөз жүргізе бастады. 2001 жылы АҚШ үкіметі тәліптер билігін құлатқан соң олар 20 жыл бойы соғыс жүргізген еді. Енді 20 жылдан соң олар Кабулда билікті нығайтуға тырысып жатыр.

Азаттық радиосы Ауған қызметінің тілшілері берген ақпарат негізінде жазылды. Тілшілердің аты қауіпсіздік мақсатында аталмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG