Accessibility links

"Органдар тиісті жауабын берді". Балаева Азаттық тілшілеріне шабуыл жайлы пікір білдірді


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Азаттық тілшілеріне жасалған шабуылдарға қатысты ойын айтты.

- "Азаттық радиосына" қатысты айтар болсақ, өз басым радио тілшілеріне әкімдік я мемлекеттік орган ғимаратында күш қолданған жағдай есімде жоқ. Рұқсат етілмеген наразылық шараларында ондай фактілер болған шығар, бірақ оған қатысты құқық қорғау органдары өз түсініктерін берді. Министрлік бұған баса назар аударып, "Бейбіт митинг өткізу" заңын жаңадан дайындағанда БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ереже енгізуге мұрындық болды, - деді министр Азаттық тілшісінің сұрағына.

Балаева "журналистердің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан барлық тілшінің құқығын қорғауға дайын" екенін де айтады. "Заң бір және барлығына ортақ" деді ол.

Министр Балаева "Хабар 24" арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің күзетшілері ғимараттан күштеп шығарып жіберген оқиғаға қатысты да пікір білдіріп, журналиске шабуылды сынады.

Қазақстанда полиция, арнайы жасақ және шенеуніктер журналистердің жұмысына жиі кедергі жасайды. Биыл 10 қаңтарда парламент сайлауы кезінде Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы полиция басқармасы жетекшісінің орынбасары Азаттық тілшісі Дилара Исаның телефонын тартып алған. Азаттық журналисі ондаған полицияның бақылаушыны әкетіп бара жатқанын видеоға түсірмек болған. Алматыда сайлау комиссиясының төрағасы Азаттық тілшісі Аян Қалмұратты "коронавирусқа ПТР тестінің нәтижесі жоқ" деп күштеп учаскеден шығарып жіберген. Сайлау кезінде тілшілерден коронавирус тесті талап етілмеген еді.

Сайлау күні Нұр-Сұлтанда полицейлер Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің телефонын күштеп тартып алып, кейбір видеокадрларды жойған. Азаттық журналисі белсенділерді ұстау процесін түсіріп жатқан еді.

2019 жылы елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, орнын серіктесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған соң елде өткен билікке қарсы бейбіт наразылықтан хабар таратуға барған Азаттық тілшілеріне шабуыл жасалған.

2019 жылы маусымда кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында, дауыс беру күні өткен билікке қарсы митингі кезінде белгісіз адамдар Азаттық журналистердің жұмысына кедергі келтірді. Полицейлер тілшілер жұмысына кедергіні көре тұра ешқандай әрекет етпеген еді.

Кейін Азаттық тілшілері полицияға шағымданғанымен, ешкім жауапқа тартылмады.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтаннан тілшілерге шабуылды дұрыстап тергеуге шақырған еді.

Қазақстан заңына сай, журналистер жұмысына кедергі келтіру – қылмыстық іс және оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ сарапшылар Қазақстанда журналистердің жұмысына кедергі келтіргендер көбіне жауапқа тартылмайтынын айтады.

Журналистер құқығын қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) халықаралық ұйымының "Баспасөз еркіндігі рейтингінде" Қазақстан 180 елдің ішінде 155-орында, яғни "баспасөз еркіндігі нашар" елдердің қатарында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG