Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп болғанын хабарлады

Америка әскері өз күштерін Ауғанстаннан әкетіп болды. Бұл ақпаратты дүйсенбі күні АҚШ Қорғаныс министрлігі Орталық қолбасшылығының жетекшісі, генерал - майор Кеннет Маккензи жариялады.

АҚШ азаматтық авиациясының федералды басқармасы да Кабулдың Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежайы мұнан былай әуе қозғалысын бақылайтын қызметтерге қарамайтынын хабарлады. Бұл ведомство экипаждарды мейлінше сақ болуға шақырды. Тамыз айында АҚШ әскері эвакуация қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Кабул әуежайындағы ұшақ қозғалыстарына жауапкершілікті мойындарына алған еді.

АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстанда Батыстағы одақтастарымен бірге 20 жыл әскери операция жүргізген АҚШ әскерін 31 тамызға дейін толық алып кететінін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстан билігіне келген "Талибан" қозғалысына үндеу жасап, шетел азаматтары мен Ауғанстаннан кеткісі келетін ауған азаматтарына кедергі келтірмейміз деген уәдесінде тұруға шақырған.

"Бұл құжатқа Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің 13-і дауыс дауыс беріп, Қытай мен Ресей қалыс қалды" деп хабарлайды France-Presse.

Резолюцияда Франция президенті Эммануель Макрон айтқан "қауіпсіз аймақ" туралы сөз болмаған. Бұған дейін Journal du Dimanche Макронның "Париж бен Лондон гуманитарлық операцияларды жалғастыру үшін Кабул қаласында БҰҰ бақылауында болатын қауіпсіз аймақ құруды ұсынады" дейтін сөзін жариялаған.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб дүйсенбіде АҚШ Мемлекеттік департаменті ұйымдастырған кездесуде "тәліптер басшылығын ісіне қарай, яғни кедергісіз кетуге мүмкіндік бере ме, жоқ па деген мәселе бойынша бағалау керек" деді. Рааб Кабулдан эвакуациялаумен шұғылданып келе жатқан барлық мемлекеттерді тәліптерден қауіпсіздікті бірлесе талап ету қажет деп санайды.

Мемлекеттік департамент ұйымдастыруымен Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Катар секілді елдердің Сыртқы істер министрлері қатысқан кездесуде Ауғанстан мәселесіне байланысты әрі қарай қандай қадам жасау қажеттігін талқылады.

30 тамыз күні Пентагон өкілі шілденің соңынан бері Кабулдан ұшақ арқылы 122 мың адам әкетілгенін хабарлады. Оның көбі 15 тамызда тәліптер Кабул мен өзге де ірі қалаларды алғаннан кейін Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болғандар.

Басқа да жаңалықтар

"Арабша жазуы бар" Қазақстан туы: Атырау соты жауапкерлерді айыппұл және 15 күндік қамаумен жазалады

Бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адам Қазақстан туын ұстап тұр. Әлеуметтік желіден алынған сурет.
Бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адам Қазақстан туын ұстап тұр. Әлеуметтік желіден алынған сурет.

Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты арабша жазуы бар Қазақстан туымен суретке түскен екі қыз бен кәмелетке толмаған тағы екі қыз баланың ата-анасын әкімшілік жазаға тартты. Бұл жөнінде қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Төрт қыздың ісі "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша қаралды. Қыздардың бірі 15 күн әкімшілік қамауға алынды. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тарту жағдайды ауырлататын фактор ретінде танылды. Екінші қызға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сот кәмелетке толмаған екі қыздың ата-аналарын 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.

Наурыздың соңында әлеуметтік желіде бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адамның Қазақстан туын ұстап тұрған суреті тараған еді. Қазақстан туының жоғарғы бөлігінде діни символика мен арабша жазу бар.

Кейін бұл фото 23 наурызда Атыраудағы мұз сарайы ғимаратында түсірілгені белгілі болды. Туды ұстап түскен қыздар ұсталып, полицияға жеткізілген. Онда мемлекеттік рәмізді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. "Мемлекеттік рәмізді қорлау" бабы (Қылмыстық кодекстің 372-бабы) 3 мың АЕК-ке дейін (23 мың доллардан астам) айыппұл немесе қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастырады.

Украина Ресей жағында соғысқан қазақстандықтардың тізімін жариялады

Ресей жағынан соғысып, Украина әскері қолға түсірген соғыс тұтқындары. 2024 жылы күзде түсірілген фото.
Ресей жағынан соғысып, Украина әскері қолға түсірген соғыс тұтқындары. 2024 жылы күзде түсірілген фото.

Украина қорғаныс министрлігіне қарасты "Хочу жить" (Өмір сүргім келеді) орталығы Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтар деп 600-ден астам адамның аты-жөнін жариялады.

Орталықтың мәліметінше, 2022 жылдан бері соғысқа 661 Қазақстан азаматы қатысқан, кемінде 78-і опат болған. Аталған орталық мәліметті Ресей әскеріндегі аты-жөні аталмаған тұлғалардан алғанын айтты.

"Қазақстанда жалдамалылық Қылмыстық кодекспен жазаланатынын атап өткіміз келеді. Ресей әскері қатарында жүріп аман қалғандар елдеріне оралған соң мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін" деп жазды орталық өкілдері.

Орталық өкілдерінің сөзінше, Орталық Азия азаматтарын Ресей әскеріне тарту негізінен үш жолмен жүреді: алдау, көп ақша береміз деп уәде беру немесе қысым көрсету.

Азаттық бұған дейін ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқанын жазған. Ресейлік жалдамалы әскер қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтардың нақты саны белгісіз.

Азаттық бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.

Ақпарат құралдары 2 сәуірде Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепехаға осы тізім жөнінде сұрақ қойған еді.

"Біріншіден, ол цифрдың рас-өтірігін білмейміз. Қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Қазір қарап, тексеру керек" деді ол.

"Былтыр қанша қазақстандық сотталды?" деген сұраққа ол "арнайы сауал жіберіңіз" деп қысқа қайырды. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров тізім жөнінде "бұл ҰҚК құзырында" деді. Әзірге ҰҚК-дан жауап болмады.

  • Ақпан айында Украина үкіметі Орталық Азиядан шыққан, Ресей күштері қатарында соғысқан 50-ден аса адам тұтқынға түскенін хабарлаған. Олардың арасында 21 қазақ бар - алтауының Қазақстан азаматтығы бар.
  • Украинадағы соғыста Ресей әскері қатарында соғысып, қаза болғандар туралы да ақпарат жарияланған. 2023 жылы ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
  • 2023 жылы көктемде Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекеновтің анасы Альмира Бекенова Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына ұлын "Вагнер" тобы соғысқа күштеп әкеткенін айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деді.
  • 2023 жылы қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталды.
  • Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.

БАҚ экс-спикер Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты қылмыстық іс жөнінде жазды

Сот құжатын ұстап тұрған адам. Көрнекі сурет.
Сот құжатын ұстап тұрған адам. Көрнекі сурет.

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановтың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды деп жазды Қазақстан ІІМ жауабына сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

"Сауалда көрсетілген факт бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 389-бабы (өзінше билік ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде тергеп-тексеру мақсатында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр" деп жазылған ресми жауапта.

Бұған дейін кәсіпкер Қанат Амиркин Нұржан Нұрлановты өзінен "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алып, ақша бопсалады деп айыптаған. Кәсіпкердің өзі 1 сәуірде агенттікке тергеу жүріп жатқанын растаған.

"Тергеу жүріп жатыр. Компанияны қайта рәсімдеу фактісі бойынша әзірге осындай бап ("Өзінше билік ету"), бірақ бұл іс компания мәселесі ("Алатаудорстрой" - ҚазТАГ) бойынша рейдерлікке ауыстырылатын шығар деп отырмын. Бұған қоса, шығыс айналма жолы бойындағы жер телімін иеліктен шығару бойынша алаяқтық бабы болуы әбден мүмкін" деді Амиркин.

Мәжілістің экс-спикерінің ұлы Нұржан Нұрланов Қаңтар оқиғасына дейін 2019 жылдың ақпан айынан бері "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының бас директоры болған. Ол бұл қызметтен 2022 жылы мамырда кетті. 2014 жылдың ортасында нарықта пайда болған "Қазмұнайгаз-Аэро" үкімет қаулысымен қарулы күштер мен ҰҚК шекара қызметіне, ұлттық гвардияға, төтенше жағдай министрлігіне бензин, дизель, мазут, авиация отынын тасымалдайтын бірыңғай оператор ретінде бекітілген еді.

"ҚазМұнайГаз-Аэроға" дейін Нұрланов 2018 жылдың қаңтарынан бері "Бәйтерек" ұлттық холдингі басқармасының мүшесі болды. Ол бұдан да басқа лауазымды орындарда отырған.

Нұржан Нұрлановтың өзі бұған дейін өзіне қатысты шыққан ақпараттарға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Оның қазір қайда екені белгісіз. Жуырда оппозициялық "Бәсе" арнасы оның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Дубайда тұрып жатқанын жазған.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың бірі саналатын оның әкесі Нұрлан Нығматулин 2022 жылы ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кеткен.

Forbes әлемдегі дәулетті адамдардың тізімін жариялады. Онда Қазақстаннан жеті адам бар

Freedom Holding иесі Тимур Турлов
Freedom Holding иесі Тимур Турлов

Америкалық Forbes журналы жариялаған әлемдегі миллиардерлердің тізіміне Қазақстаннан жеті адам енген. Олардың арасында жаңасы жоқ.

Forbes тізіміне сәйкес, Kaspi финтех компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасы 55 жастағы Вячеслав Ким ең бай қазақстандық болып танылды. Журнал оның байлығын – 7,1 млрд доллар деп бағалаған. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,3 млрд долларға көп. Ким әлемдік тізімде 464-орында тұр.

Forbes мәліметінше, Кимнің бизнес-әріптесі Михаил Ломтадзенің $5,9 млрд байлығы бар. Ол әлемдік тізімде 597-орында тұр.

Басылым 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған, бұрынғы ресейлік Тимур Турловты (605-орын) ең бай үшінші қазақстандық деп санайды. Freedom Holding инвестициялық компаниясының жетекшісі, 37 жастағы Турлов $5,8 млрд байлыққа ие. Былтыр оның байлығы 3,3 млрд доллар болған. Бір жыл ішінде оның байлығы едәуір артқан.

"Қазақмыс" металлургиялық компаниясы мен Bank RBK иесі Владимир Ким 620-орында тұр. Былтыр оның активі $3,6 млрд болса, биыл $5,7 млрд жеткен.

Динара және Тимур Құлыбаевтар 673-орынды иеленген. Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы мен күйеубаласы елдегі ең ірі коммерциялық банктердің бірі Halyk банкке иелік етеді. Бұған қоса, мұнай өндіру секторы, сауда, құрылыс саласында да компаниялары бар. 2024 жылы Forbes ерлі-зайыптының байлығын 10 млрд доллар деп бағаласа, биыл 10,6 млрд долларға (әрқайсысы 5,3 млрд долларға ие) жеткен.

Бұрын президент ісін басқарған Болат Өтемұратовтың байлығы бір жыл ішінде миллиард долларға артқан. 3,7 млрд доллар байлығы бар Өтемұратов әлемдік тізімде 979-орында тұр. Өтемұратов Forte Bank-ке ие, Қазақстандағы Burger King франшизасы мен қызмет көрсету саласындағы өзге де компанияларға иелік етеді.

Forbes тізімінде 3028 адамның аты-жөні бар. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 247-ге көп. Тізімдегі адамдардың байлығы 16,1 трлн долларды құрайды. Әлем бойынша америкалық кәсіпкер Илон Маск ең бай адам болып танылды. Оның 342 млрд доллар байлығы бар. Tesla-ның акционері ракета шығаратын SpaceX мен жасанды интеллект xAI саласындағы стартапқа да ие.

Илон Масктен кейін Meta иелерінің бірі, америкалық Марк Цукерберг тұр. Amazon интернет-дүкенінің негізін қалаушы Джефф Безос - үшінші орында, Oracle өндірушісі Ларри Элиссон төртінші орында тұр.

Fox News: Трамп Ресей Украинамен келіссөзді cозбалақтап отыр деп санайды

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей билігі Украинамен атысты тоқтату туралы келіссөзді созбалақтап отыр деп санайды. Бұл жөнінде талқылаудан хабары бар дереккөзге сүйенген Fox News тілшісі Джеки Хайнрих хабарлады.

Хайнрихтің сөзінше, Трамптың Ресей президенті Владимир Путиннен көңілі қалған. Журналистің X желісінде жазуынша, Ақ үй өкілдері Ресейдің көлеңкелі флотына санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.

"Қазіргі кезде санкцияның сақталуын бақылау қатаң болып тұрған жоқ – бейресми түрде шамамен "онның үші" деп бағаланады. Және Ресейдің "көлеңкелі флотын" ұстап алу .... - қысымның оңай түрі бола алады" деді Хайнрих.

Бұған дейін Ақ үй Трамп Ресей мен Украина басшыларының кейінгі мәлімдемелеріне риза болмай отырғанын айтқан. Дегенмен нақты қандай мәлімдемелер екені белгісіз.

АҚШ президенті өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтірген және Украинаны "сыртта басқару қажеттігі" туралы ұсыныс айтқан Путиннің сөзіне "қатты ашуланғанын" айтқан еді. Трамп Мәскеу алдағы уақытта атысты тоқтатуға келіспесе, Ресей мұнайына жанама салық салатынын айтқан.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Вашингтонның Украина бойынша ұсыныстарына салмақты қарайтынын айтты. Ресей сыртқы істер вице-министрі Сергей Рябков Америка жағы Ресей мен Украина соғысына түрткі болған алғашқы себептерді жоюға тырысып жатқан жоқ және Киевті "атысты тоқтатуға" шақырмады деген уәж айтты.

БАӘ соты раввинді өлтірген деп айыпталған үш өзбек азаматына өлім жазасын кесті

Біріккен Араб әмірліктерінде кісі қолынан қаза тапқан раввин Цви Коган
Біріккен Араб әмірліктерінде кісі қолынан қаза тапқан раввин Цви Коган

Біріккен Араб әмірліктерінің соты Өзбекстанның үш азаматын израильдік раввин Цви Коганды өлтіргені үшін айыпты деп танып, үшеуіне де өлім жазасын кесті. Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады, бірақ істің егжей-тегжейі әлі белгісіз қалып отыр.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, үкім Әбу-Дабидің федералды апелляциялық сотының мемлекеттік қауіпсіздік палатасында қаралған іс бойынша шығарылған. Өлім жазасына кесілген үшеу – 29 жастағы Олимбой Тохирович (тегі көрсетілмеген) пен онымен жасты Махмуджон Абдурахим және 34 жастағы Әзизбек Комилович (тегі көрсетілмеген). Осы іс бойынша айып тағылған төртінші адам өмір бойына түрмеге жабылды, сот оны қылмысқа қатысы бар деп таныған.

Тергеу айыпталушылардың раввин Коганның жүріп-тұрғанын аңдып, шабуыл жасауды алдын ала жоспарлағанын анықтаған. Прокуратура сотқа айыпталушылардың қылмыс жасағанын мойындаған куәліктерін, сот-медициналық сараптамалар қорытындыларын, өзге де мәліметтерді, кісі өлтіруге қолданылған құралдар туралы ақпаратты және куәлердің айтқандарын ұсынды.

"Хабад" еврей қозғалысының өкілі, 28 жастағы раввин Цви Коган 2024 жылдың қараша айында Әбу-Дабиде хабар-ошарсыз кеткен. Бірнеше күннен кейін Оманмен шекараға жақын Әл-Айн қаласынан өлі табылды. The Wall Street Journal басылымы қылмыскерлер раввинді ұрлап әкетіп, Оманға жеткізбекші болған, қылмысқа күдіктілердің бір бөлігі Түркияға қашып кеткен деп жазды.

Израиль билігі бұл қылмысты "антисемиттік террорлық акт" деп бағалады. Біріккен Араб әмірліктерінің билігі осы іс бойынша шығарылған үкім "терроризммен күресуге деген мызғымас табандылық" пен "әділет жүйесінің жоғарғы стандарттарын" паш етеді деп мәлімдеді.

Цви Коган кісі қолынан мерт болғаннан кейін Әбу-Даби билігі себебін түсіндірместен Өзбекстанның көп азаматын ел аум ағына кіргізбей қойды. Оларды әуежайдан ұстап, келген жағына қайтарып жіберді. "Газета.uz" басылымы Біріккен Араб әмірліктеріне кіре алмаған, себебін ешкім түсіндірмеген өзбекстандық ер азаматтардың хикаялары туралы жазды.

Бұған дейін Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Израильдің елшісі Гидеон Лустигке көңіл айтып, Өзбекстан тарапы қылмысты тергеу ісіне БАӘ мен Израиль биліктеріне жәрдем танытып, ынтымақтаса жұмыс істейді деп сендірген.

Өлім жазасына кесілгендер Біріккен Араб әмірліктері федерациялық жоғарғы сотына апелляциялық шағым бере алады.

Ақ үй: Трампқа Ресей мен Украина басшыларының сөзі ұнамайды

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трампқа өзара соғысып жатқан Украина мен Ресейдің президенттерінің кейінгі кезде айтып жүрген сөздері ұнамай қалған. Бұл туралы дүйсенбідегі брифингіде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді.

Оның сөзінше, Трамп "Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу үшін таңғаларлық қажырлы еңбек етіп жатыр". Трампқа Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің нақты қай сөздері жақпай қалғанын Ливитт ашып айтқан жоқ.

Трамп бұған дейін Путиннің Зеленскийді заңды президент деп мойындамауына және Украинаны сырттан басқару тәртібін енгізген жөн деген сөзіне байланысты "қатты ашуланғанын" мәлімдеген еді. Ол егер Мәскеу жақын арада бітім жасасуға келісім бермесе, онда Ресейдің мұнай экспортына қосымша баж алымын енгізетінін айтып, сес көрсеткен. Солай десе де, Трамп Путин "келіседі" деген пікірде.

"Мен оның мұнайына қосымша баж алымын енгізгім келмейді, бірақ егер ол өз жұмысын дұрыс атқармай отыр деген ойда болсам, мен солай жасар едім", – деген Трамп Путин жөнінде.

АҚШ мемлекеттік департаменті де Вашингтонның (бұған дейін Киев пен БҰҰ сияқты) Путиннің ұсынысын қабылдамағанын растады.

"Украина конституциялық демократиясы бар ел және оны қалай басқару керегін Конституция мен украин халқы анықтайды", – деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс.

Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді де сынға алып, оның Украинадағы пайдалы қазбаларды игеру туралы АҚШ ұсынған келісім жобасына қол қоюға құлық танытпай отырғанын айтты. Трамптың сөзінше, Зеленский ол құжатқа қол қою үшін Украина НАТО-ға мүше болып қабылдануы шарт деген талап қойған. АҚШ президенті оған келіспей, Киевтің НАТО құрамына енуге құлшынысы Путиннің Украинаға қарсы соғыс ашуына ілік болған деп уәж айтты.

Зеленский бұған дейін табиғи ресурстар бойынша келісім жайлы сөз қозғаған кезде оны НАТО-ға мүше болу мәселесімен байланыстырған емес. Ол АҚШ ұсынып отырған келісім жобасының кейбір шартына, соның ішінде 2022 жылы Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық соғыс ашқаннан кейін АҚШ берген барлық көмекті өтейтіні туралы жазылған тұсына келіспейтінін айтқан. Зеленскийдің сөзінше, Украина ол көмекті қарыз деп тануға дайын емес, өйткені АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі тегін көмек беріп жатырмыз деп мәлімдеген.

  • Президент Трамп Украинадағы соғысты тезірек аяқтауға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген. Украина АҚШ-тың 30 күнге атысты тоқтату жайлы ұсынысына да келіскен, бірақ Ресей тарапы бітім туралы келісімін әлі берген жоқ.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің соты қашан басталатыны белгілі болды

"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот процесі 9 сәуірде сағат 11.00-де басталмақ. Бұл туралы Азаттық Азияға оның адвокаты Жанар Балғабаева айтты, оған сот тыңдауы өтетін Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотынан хабарлаған.

Бұған дейін Алматының Алмалы аудандық сотының ұйғарымы бойынша, Еңсебектің ісі алдын ала тыңдау кезеңіне қайтарылып, қаланың Наурызбай аудандық сотына жіберілген еді.

Оффлайн режимде өтетін сотта істі қарауға судья Бейнегүл Қайсина тағайындалған.

Темірлан Енсебектің ісі бойынша сот бірнеше рет кейінге қалдырылған. Әуелде 14 ақпанға белгіленген, кейін 21 ақпанға ауыстырылды. Бірақ тағы да ысырылып, ақырында 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот процесі басталған-ды. Бірақ прокурор Айнаш Жуаспаеваның өтінішімен сотта үзіліс жасалып, іс алдын ала тыңдауға қайтарылды. Прокурор айыпталушы Темірлан Енсебек Наурызбай ауданындағы үйінде "қылмыс жасалғандықтан" бұл істі Наурызбай аудандық сотына беру қажет деген уәж айтты. Адвокат прокурордың сөзіне келіспей, қылмыстық іс қозғағау ілік болған даулы пост дәл Наурызбай ауданында жарияланғаны дәлелденбегенін айтты. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырды.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда Алматыда ұстады. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Еңсебекке "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылды. Бұл бап бойынша қылмыс жасады деп танылған адамға айыппұл салу я 2-7 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыру немесе еркіндігін шектеу жазасы қарастырылған. Еңсебек өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарған.

Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер мен журналистер оны қолдап жалғыз адам пикетін өткізді, көбін полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды я әкімшілік қамауға алды. Еңсебекті қолдаушылар пикетке "Сатира қылмыс емес" деген жазу ұстап шыққан еді.

International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Шерзат Полаттың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 10 сәуірде басталады

Кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың отбасы жалға алып жұмыс істеген "Қамажай" дүкені алдына қойылған марқұмның суреті. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.
Кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың отбасы жалға алып жұмыс істеген "Қамажай" дүкені алдына қойылған марқұмның суреті. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.

Кәмелетке толмаған Шерзат Полатты өлтіру қылмысы бойынша алдын ала сот тыңдауы 10 сәуірде сағат 12-де Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында басталады. Бұл ақпаратты Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасына сүйеніп жергілікті басылымдар хабарлады.

Алдын ала тыңдау Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтпек. Ақпаратта ашық сот отырысы қазақ тілінде өтеді деп жазылған. Бұл іс сотқа 12 наурызда түскен.

16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда өзінің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың аяғы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Салдарынан Шерзат мерт болып, оның немере ағасы жараланған.

Осы оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгі қалмай өртеніп кеткен, ол түні үйде ешкім болмаған, отбасы мүшелері Шерзаттың атасының үйінде ас беруге дайындалып жатқан. Полиция өрт әдейі қойылған деп хабарлап, ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Наурыз айында Қазақстанның бас прокуратурасы Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.

Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Бірақ марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.

Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып алып, ұлы мен інісінің қазаларын әділ тергеуді талап еткен. Осыдан кейін оған "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, Нұрымов 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Кейін оның үстінен "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Адвокоттары Нұрымов інісінің жаназасы шығарылған күні полицияның арнаулы жасағы көлігінің дөңгелегін тесіп тастағаны үшін жауапқа тартылған деп хабарлады. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.

Украина полициясы 2022 жылы Бучада 72 бейбіт тұрғын қалай өлтірілгенін анықтаған

Бучада қаза тапқандарға қойылған мемориалға келіп тұрған адам.
Бучада қаза тапқандарға қойылған мемориалға келіп тұрған адам.

Украина полициясы 2022 жылдың көктемінде Киев маңындағы Буча қаласын Ресей әскері басып алған кезде 72 бейбіт тұрғынның қалай өлгені ашылғанын мәлімдеді. Бұл туралы "Укринформ" агенттігіне Украина ұлттық полициясының өкілі Дмитрий Шевчук хабарлады. Оған қоса, бейбіт тұрғындарға қатыгездік көрсетілген 35-тен астам дерек анықталған, оның ішінде азаптау мен зорлау оқиғалары да бар.

Шевчуктің сөзінше, тергеу барысында кінәлі деп танылған адамдардың басым бөлігі – Ресей армиясының 76-шабуылдаушы десант дивизиясының 234-полкінің әскери қызметкерлері. Бучада сол кезде болған екі жарым мыңға жуық ресейлік сарбаз анықталған. Украинаның құқық қорғау органдары жасалған қылмысқа тікелей кінәлі адамдар мен олардың командирлерін жауапқа тарту үшін жұмыс істеп жатыр.

Қазір қылмыстық істерді тергеу барысында 358 азаматтық тұлғаның қазасының мән-жайы зерттеліп, сот сараптамасы жұмыстары жалғасып жатыр. Кісі қолынан мерт болған Бучаның 13 тұрғыны өртеніп кеткендіктен олардың кім екені әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Украина әскері Бучаны ресейлік басқыншылардан азат еткеніне биыл 31 наурызда үш жыл толды. Дүйсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский мен оның жұбайы Елена Зеленская осы қалада Ресей әскерінің қолынан қаза тапқан украиналықтарды еске алып, рухына тағзым етті. Еске алу рәсіміне Киевке келген Еуропаның 22 елінің парламент басшылары да қатысты. Ресми деректер бойынша, Ресей армиясы Бучаны басып алған соң 33 күн – 2022 жылғы 27 ақпаннан 31 наурызға дейін қаланы билеп-төстеген. Сол уақытта Ресей басқыншылығы салдарынан қалада 561 бейбіт тұрғын қаза тапқан, арасында 12 бала бар.

  • Буча қаласы Киевтен шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Ресей әскері кеткеннен кейін қаладан көптеген бейбіт тұрғын өлі табылды. Тірі қалған куәгерлер Ресей әскері жаппай адам өлтіргенін, оған қоса азаптау, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасап, жаппай тонаумен айналысқанын айтып берді.
  • Ресей тарапы өз әскері бейбіт халыққа қарсы қылмыс жасағанын жоққа шығарып, бұл оқиғаларды Киевтің ойдан шығарған қойылымы деп атады. Ресей қорғаныс министрлігінің Буча қырғыны жайлы жауабының ресми нұсқасына күмән келтірген адамдар "жалған ақпарат таратқаны" және "Ресей армиясын нақақ ғайбаттағаны" үшін қылмыстық жауапқа тартылып, қуғынға ұшырайды.

Израиль ХАМАС-қа атысты ұзақ мерзімге тоқтатудың шарты жайлы ұсыныс жасаған

Газа секторы
Газа секторы

Газа секторындағы палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) әлі күнге дейін аманат ретінде ұстап отырған адамдардың жартысын босатса, онда Израиль ұзақ мерзімге атысты тоқтату режимін енгізуге дайын. Израиль ХАМАС-қа осындай ұсыныс жасаған деп Reuters жазды.

Агенттік бұл ақпаратты аты-жөні аталмаған израильдік шенеуніктерден алғанын айтты. Осы ақпаратпен бір мезгілде Израиль армиясы Газа тұрғындарын эвакуация жасау туралы жаңа бұйрықтан беріп, сектордың оңтүстігінде "қарқынды операциялар" басталатынын мәлімдеді деген хабар тарады.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Израиль 40-50 күнге атысты тоқтатып, сол уақыт ішінде ХАМАС тобына аманат ретінде ұстап отырған адамдардың жартысын, оған қоса өлген адамдардың жартысына жуығын қайтарып бер деген ұсыныс айтып отыр. Израильдің дерегі бойынша, ХАМАС тобы аманат ретінде 24 адамды, қаза тапқан 35 кісінің сүйегін әлі қайтармай отыр.

30 наурызда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль ХАМАС-қа қысымды күшейте береді, бірақ осы топ аманат ретінде ұстап отырған адамдарды босату жөнінде келіссөзді жалғастыруға ниетті деп мәлімдеген. Оның сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы палестиналықтарға сектордан "өз еркімен қоныс аудару" туралы жасаған ұсынысы аясында ХАМАС жетекшілеріне Газадан шығып кетуіне рұқсат етіледі. Нетаньяху ХАМАС тобы қару-жарақтан арылуы керек деген Израильдің талабын тағы да қайталады. Бірақ ХАМАС ол талапты "қызыл сызық" деп атап, оған көнбейтінін мәлімдеді.

Өткен демалыс күндері ХАМАС қатарлық және египеттік араағайындардың ұсыныстарын қабылдағанын мәлімдеген. Ол келісімде Газада атыс-шабысты тоқтату режимін сақтай отырып, әр апта сайын бес адамнан босатып отыру көзделген.

31 наурызда Израиль армиясы Газа секторының оңтүстігіндегі Рафақ қаласының төңірегінде тұратын палестиналықтарға жағалаудағы Әл-Мауаси ауданына көшуді бұйырған.

Литвада хабарсыз кеткен АҚШ-тың төрт сарбазының үшеуі өлі табылды

Литвада әскери оқу-жаттығу барысында хабар-ошарсыз кеткен АҚШ-тың үш сарбазы батпаққа батып кеткен әскери техниканың ішінен өлі табылған. Төртінші сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы қарулы күштерінің басшылығы 31 наурыз күні осылай деп хабарлады.

Америкалық әскери басшылық Литва АҚШ-тың сенімді одақтасы екенін айтып, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздеуде көмек көрсеткені үшін литвалық және поляк әскери қызметкерлеріне алғыс білдірді. Іздеу жұмыстарына тікұшақтар, дрондар және құрлықтағы күштер жұмылдырылған.

25 наурызда Пабрада аумағындағы жоспарлы тактикалық оқу-жаттығуға қатысып жатқан АҚШ армиясының М88 Hercules беренді техникасы төрт адамнан тұратын экипажымен қоса жоғалып кеткен. Кейінірек АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы қарулы күштерінің басшылығы батпаққа батып кеткен әскери көлік табылды деп хабарлады.

М88 Hercules бағытынан ауытқып, карталарда белгіленбеген торф батпағына батып кеткен. Іздеу-құтқару тобы әскери көлікті 31 наурызда терең батпақтан сыртқа шығарды.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Варшаваға сапары кезінде әскери техника экипажының мүшелері қаза тапқан деп мәлімдеді, бірақ АҚШ әскери басшылығы оған дейін хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің тағдыры туралы ешқандай ресми ақпарат бермеген еді.

Пабрада полигоны Литва мен Беларусь шекарасынан бірнеше шақырым қашықта орналасқан.

G5+ елдері Ресейге жаңа санкциялар салуға дайын екенін мәлімдеді

Германия, Франция, Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Еуропа одағының сыртқы саясат мекемелерінің басшылары. Мадрид, Испания, 31 наурыз, 2025 жыл.
Германия, Франция, Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Еуропа одағының сыртқы саясат мекемелерінің басшылары. Мадрид, Испания, 31 наурыз, 2025 жыл.

Германия, Франция, Италия, Польша, Испания және Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге дайын. Алты елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың бірлескен мәлімдемесінде осылай деп айтылған.

Бұл елдер Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысына тосқауыл қою үшін қолы жеткен барлық құралды пайдаланып, Ресейге қысым жасауды жалғастыратынын мәлімдеген. Бұған қоса министрлер Ресейдің Батыс елдеріндегі активтері Мәскеу Украинаға ашқан соғысты тоқтатпайынша және Украинаға келтірген зиянды өтемейінше бұғаттаулы жата береді деген ұстанымын тағы білдірді.

Мәлімдемеде оған қол қойған елдер Украинаның "әскери және қорғаныс өнеркәсібін немесе серіктес елдердің Украинаға әскери жәрдемін шектеу" туралы шарт қоятын бейбіт келісімді қабылдамайтыны айтылған.

"Еуроатлантикалық қауіпсіздікке, Украинаның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумағының тұтастығына қауіп төндіретін ешқандай келісім болмауы керек", – деп жазылған мәлімдемеде.

Оған қоса министрлер Ресейді атысты тоқтату туралы келіссөзді "сөзбұйдаға салу тактикасын" тоқтатуға шақырып, Украинаның атысты ешқандай алғышартсыз толық тоқтатуға келіскені оның "бейбітшілік орнатуға бейілі берік екенін байқатқанын" айтқан.

"Алайда, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы тоқтаған жоқ. Ресей қазір жаңа шарттар қойып, украин қалалары мен инфрақұрылымына шабуылдарды бастырмалатып, құрбандар санын көбейткеннің орнына өз соғысын аяқтауға шын ниеті барын нақты көрсетуі керек", – деп айтылған мәлімдемеде.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі билікте болған кезде санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік бар-жоғын тексеріп жатыр деп хабарлаған. Кремльдің стратегиясының бір бөлігі – Қара теңізде атысты тоқтату туралы келіссөздер аясында Россельхозбанкті SWIFT жүйесіне қосу талабы болатын. Bloomberg дереккөздерінің мәліметі бойынша, Россельхозбанкке қатысты талап Трамптың Еуропаға ықпалын байқап көру мақсатында қойылған. Агенттік дереккөздері, егер бұл мәселеде жетістікке қол жетсе, оның аяғы санкция режимінің біртіндеп жұмсаруына септесуі де мүмкін дейді.

Франция соты әсіреоңшыл саясаткерге шартты жаза кесті

Франция парламентінің мүшесі Марин Ле Пен Еуропарламент ақшасын жымқыру ісі бойынша сот процесіне келіп тұр. Париж, 13 қараша, 2024 жыл.
Франция парламентінің мүшесі Марин Ле Пен Еуропарламент ақшасын жымқыру ісі бойынша сот процесіне келіп тұр. Париж, 13 қараша, 2024 жыл.

Франция соты әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен мен Еуропарламенттің тағы 8 депутатын Еуроодақ ақшасын орынсыз жұмсағаны үшін кінәлі деп тапты.

Сот шешімі бойынша, Ле Пен төрт жылға бас бостандығынан айырылды (екі жыл шартты жаза, екі жыл электронды браслетпен жүреді) және алдағы бес жыл ешқандай саяси қызметке сайлана алмайды. Бұған қоса ол 100 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.

Тергеушілер тұжырымы бойынша, Марин Ле Пен мен оның партиясынан сайланған басқа депутаттар Еуропарламентке көмекші ретінде алған адамдар «Ұлттық бірлестік» партиясының мүшелері болған және олар жұмысқа келмеген. Соның кесірінен олар Еуроодаққа 2,9 млн еуро шығын келтірген.

Ле Пен мен сегіз депутаттан бөлек олар жұмысқа алған 12 адам да сотқа тартылған. Жалпы істе 25 айыпкер бар.

Марин Ле Пен басқаратын «Ұлттық бірлестік» 2024 жылғы шілдеде Францияда өткен парламент сайлауында үшінші орын алған. Парламенттегі ең көп орын солшыл альянс – «Жаңа халық майданы» (182 орын), президент Макронның жақтастары 168 орын алған.

Сот бұл істі былтыр қыркүйектен қарай бастаған. Прокурорлар Ле Пенді бес жыл бостандығынан айырып, бес жыл саяси қызметке сайланудан шектеуді, 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды сұраған.

Францияда келесі президент сайлауы 2027 жылы өтуі тиіс. Ле Пен 2012, 2017 және 2022 жылдары өткен үш сайлауға да қатысқан. Соңғы екі сайлауда ол екінші кезеңге өткен, әр сайлау сайын оның қолдаушысы артқан. Саясаткер алдағы сайлауға да қатысу ниеті бар екенін, прокуратура француз халқын «таңдауынан айырмақ болып жатқанын» мәлімдеген.

Армения ҰҚШҰ-ға жарна төлеуден бас тартты

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.

Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бюджетіне жарна төлеуден бас тартты. Арменияның сыртқы істер министрлігі Ереван өз шешімі туралы ұйымның хатшылығын ресми түрде хабардар еткенін айтты. Сөз болып отырған жарна былтырғы жылға тиесілі.

"Армения 2024 жылға арналған ҰҚШҰ бюджетін бекіту туралы шешімге қол қоюдан және, тиісінше, ұйымның қызметін қаржыландыруға қатысудан да қалыс қалады", — деп мәлімдеген Армения сыртқы істер министрлігі.

Армения сыртқы істер мекемесі ҰҚШҰ-ның ішкі ережелеріне сәйкес, ұйымның бюджеті жайлы мәліметтер жариялауға жатпайтынын айтты.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі егер Армения 2025 жылдың аяғына дейін ҰҚШҰ-ға берешегін өтемесе, түрлі шаралар қабылдануы мүмкін екенін, бірақ Арменияны ұйымнан шығару ықтималдығы аз деген еді.

Өткен аптада Армения парламенті елдің Еуропа одағына кіру процесін бастау туралы заңды қолдаған болатын, бірақ Брюссель әзірге Арменияға Еуроодаққа мүше болуды ұсынған жоқ.

• ОДКБ құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Армения кіреді.

• 2024 жылдың басында Армения премьер-министрі Николь Пашинян Армения ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтата тұратынын мәлімдеп, егер ұйым өз міндеттемелерін орындамаса және жауапкершілік аясын мойындамаса, өз елі бұл ұйымнан шығуы мүмкін екенін айтты. Пашинян мұны 2023 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Қарабақтағы әскери операциясына қатысты айтты. Кейін ол ҰҚШҰ-ны Арменияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ұйым деп атады.

• Халықаралық құқық бойынша, Қарабақ Әзербайжанға тиесілі аймаққа жатады, бірақ 1990-жылдардың басынан бастап бұл аймақ Бакуге бағынбай келді. 2020 жылы әскери іс-қимылдар нәтижесінде Әзербайжан армиясы аймақтың ауқымды бөлігін бақылауына алды.

• 2023 жылы Әзербайжан Қарабақта қысқамерзімді әскери операция өткізіп, нәтижесінде аймақты толық бақылау орнатты, халықаралық қауымдастық мойындамаған, өзін өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасының» дәурені бітті. Аймақта тұратындардың басым бөлігі армян ұлтының өкілдері еді. Шамамен 120 мың адам Әзербайжанның қудалауына тап боламыз деп қорқып, мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ал Баку билігі болса Қарабақтағы жергілікті халықты Әзербайжан азаматтығын қабылдауға және үйін тастап кетпеуге үндеді.

Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері шекара жайлы құжатқа қол қоймақ

Солдан оңға қарай: президенттер Садыр Жапаров (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі кезінде. Хожант, 31 наурыз, 2025 жыл.
Солдан оңға қарай: президенттер Садыр Жапаров (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан) және Шавкат Мирзияев (Өзбекстан) "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі кезінде. Хожант, 31 наурыз, 2025 жыл.

Бүгін, 31 наурызда Тәжікстанның Хожант қаласында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан президенттері Садыр Жапаров, Шавкат Мирзияев және Эмомали Рахмон кездесті. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – үш елдің шекарасы түйісетін жер туралы келісімге қол қойылмақ деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Бұған қоса үш елдің басшылары Наурыз халықаралық мерекесіне арналған салтанатты іс-шараларға қатысады. Тәжікстанның Соғды облысының шекаралық аймағында өтетін бұл мерекелік іс-шаралар ынтымақтастық пен тату көршілер қарым-қатынасын бейнелейді.

Қырғызстан президенті биыл наурыз айының ортасында қырғыз-тәжік шекарасы ашылғаннан кейін Тәжікстанға алғаш рет сапармен барып отыр. 31 наурыз таңертең Жапаров пен Рахмон екіжақты келіссөз барысында су ресурстарына қол жеткізу және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, екі тарап 12 наурызда Рахмоновтың Бішкекке сапары кезінде қол қойылған мемлекеттік шекара туралы тарихи келісімнің ратификациялық грамоталарды алмасты.

Бүгінгі кездесу кезінде CASA-1000 энергия жобасы аясында салынған, қуаты 500 кВ "Датқа – Соғды" электр тасымалдау желісін онлайн режимде іске қосу рәсімі өтті. Бұл жоба аймақтың энергия қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Ортақ шекарасы 1000 шақырымнан асатын Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекара бойындағы жер дауы талай жылдан бері шешімін таппаған аса түйткілді мәселе болатын. 2021 және 2022 жылдары шекара маңындағы жер дауынан шыққан қақтығыстарда қос тараптан да ондаған адам қаза тауып, жағдай қатты шиеленісіп кеткен еді. Содан бергі кезеңде екі елдің үкіметтері бұл мәселені келіссөздер мен келісім арқылы шешіп, тиісті құжаттарға қол қойған.

Қазақстандық блогерлер желіде ұтыс ойынын өткізсе жазаланатыны жайлы ескерту алған

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойынын ұйымдастырғаны үшін айыппұл арқалайтыны туралы ескертілді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға осылай жауап берген деп жазды "Информбюро" басылымы.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізу заңсыз екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр хабарлаған вице-министр. Ол интернет кеңістігі күні-түні бақылауда екенін айтып, ондағы мақсат – құқық бұзу фактілерін анықтау деп түсіндірген.

Қазіргі заңда лотерея ұйымдастырып өткізуге құқығы бар операторлар ғана ондай ұтыс ойынын ұйымдастыра алатынын, ал өзгелерге ондай ойын өткізуге тыйым салынғанын еске салды. Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығына ие жалғыз оператор бар – "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы, оған ұтыс ойындарын өткізу құқы 15 жыл мерзімге берілген. Заңсыз ойын ұйымдастырушыларды жауапқа тартумен ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитеті айналысады.

Құқық бұзғандарға 7,8 миллион теңгеге (қазіргі бағаммен 15600 доллар) дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, табыстары тәркіленуі мүмкін.

Үкіметтің дерегінше, биылғы жылдың басынан бастап мониторинг барысында 1870 интернет алаяқтық оқиғасы анықталған. Оның ішінде әлеуметтік желілерде 389 факт тіркелген, 1480 интернет ресурс пен сілтемелері бұғатталған. Интернет-казино қызметіне қатысты 8616 факт әшкереленген, оның 6399-ы әлеуметтік желілерде анықталған, 2195 интернет-ресурс пен сілтеме бұғатталған.

2024 жылдың ақпан айынан бері 113 адам жауапқа тартылып, салынған айыппұлдың жиынтық мөлшері 50 миллион теңгеден асқан.

2023 жылдан бастап Қазақстанның заңнамасына "жалған ақпарат таратқаны үшін" жауапқа тарту көзделген бап енгізілді. Бұл бап бойынша блогерлер мен журналистерге қарсы бірсыпыра әкімшілік іс қозғалған.

Трамп Иран тікелей келіссөз жүргізуге көнбесе бұрын-соңды көрмеген шабуылға ұшырайды деп сес көрсетті

Иран президенті Масуд Пезешкиан
Иран президенті Масуд Пезешкиан

Иран өзінің "жылдам дамып келе жатқан" ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартады. Бұл жөнінде 30 наурызда Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменейге жолдаған хатына ресми Тегеранның берген жауабы осы болды.

Пезешкианның айтуынша, Трамптың хатына Иран үкіметі Оман арқылы (АҚШ пен Иран арасында дипломатиялық байланыс жоқ) жіберген жауапта жанама келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығармаған. "Біз келіссөзден қашпаймыз. Бізді алаңдатып келе жатқан нәрсе – уәделер бұзылатыны. АҚШ сенім білдіруге лайық екенін дәлелдеуі керек", – деді Пезешкиан.

Иран президенті осы сөзін айтпас бұрын, Дональд Трамп NBC арнасына берген сұхбатында, егер Тегеран АҚШ-пен келісім жасамаса, "Иран бұрын-соңды көрмеген ауқымда бомбалауға ұшырайды" деп мәлімдеген. Оған қоса Трамп Иранға қарсы санкцияларды қатаңдатуға уәде берді.

Трамп Иранға ядролық бағдарламадан бас тарт деген талап қойып отыр. АҚШ пен Израильдің пікірінше, Иран ол бағдарламаның арқасында жақын уақытта ядролық қару жасау қабілетіне ие болуы мүмкін. Ал Иран ондай мақсат-міндет көздеп отырған жоқпыз дейді.

Иран билігі Трамп әкімшілігіне сенбейтінін айтады, өйткені 2018 жылы Трамп АҚШ президенті қызметіндегі алғашқы мерзімінде барлау мәліметтеріне сүйеніп, АҚШ-ты 2015 жылы бірқатар әлемдік державалар мен Иран арасында жасалған "ядролық келісімнен" шығарып алған-ды. Ол келісімде тараптар Иран ядролық бағдарламасын тоқтатады, оның қарымына халықаралық санкциялар күшін жояды деп уағдаласқан еді.

Иранның ядролық қаруға ие болуды көздеп отырған жоқпыз деген мәлімдемелеріне Вашингтон сенбейді, бұл пікірді Израиль де қолдайды, және олардың өкілдері Иранның ядролық нысандарына соққы беру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Сирияда уақытша үкімет құрылды. Құрамында әйел адам да бар

Ахмед әш-Шараа
Ахмед әш-Шараа

Сирияны іс жүзінде басқарып отырған Ахмед әш-Шараа жаңа үкімет құрамын бекітті. Салтанатты рәсім Дамаск қаласындағы президент сарайында өтті.

Үкімет құрамына енген 23 адамның арасында елдегі аз ұлттардың – алавит, друз және күрдтердің өкілдері бар. Әлеуметтік істер және еңбек министрлігін христиан дінін ұстанатын әйел Хинд Кабават басқарады. Ол –жаңа үкіметтегі жалғыз әйел.

Уақытша министрлер кабинетінде қорғаныс және сыртқы істер министрлері болған адамдар жаңа үкіметте осы лауазымында қалды.

Сирияда алғаш рет спорт министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігіне "Ақ дулығалар" азаматтық ұйымының жетекшісі Раед әл-Салех басшы болып тағайындалды.

Премьер-министр қызметін әш-Шарааның өзі атқарады. Заңнамалық база исламдық құқық нормаларына сәйкес болмақ.

Жаңа үкімет Сирияда бес жыл билік жүргізбек. Осы уақыт ішінде елде жаңа Конституция қабылданып, сайлау өтеді деп жоспарланып отыр.

• Былтыр желтоқсанда Сириядағы билік "Хайят Тахрир әш-Шам" қарулы тобының қолына өткен. Бұл топты АҚШ, Еуроодақ және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған. Топ жетекшісі Ахмед әш-Шараа Сирияның іс жүзіндегі басшысына айналды. Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден қашып, отбасымен бірге Ресейді паналады.

• Наурыздың ортасында әш-Шараа уақытша конституциялық декларацияға қол қойды. Құжат өтпелі кезеңде күшінде болады. Оған сәйкес, қолданыстағы заңнама исламдық құқықты негізге алатын болады. Сонымен қатар, құжатта әйелдер құқықтарын, пікір еркіндігін және БАҚ бостандығын қорғауға кепілдіык берілетіні көрсетілген.

• Әш-Шараа билікке келгеннен кейін Батыс елдерінің жетекшілері егер Сирия адам құқықтарын, соның ішінде діни және этика бостандықтарын сақтайтын болса, онда бұл елге бұрынғы билік кезінде салынған санкцияларды алып тастауға мүмкіндік болатыны жайлы жиі айта бастаған.

• Наурыздың басында Сирияда алавиттер (Башар Асад әулеті шыққан азшылық) көтерілді. Лондонда орналасқан Сирияның адам құқықтары жөніндегі мониторинг орталығы көтеріліс салдарынан шамамен мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан деген дерек келтіреді.

Трамп Signal чаты жайлы дауға бола ешкімді қызметтен алмайтынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында Йемендегі хуситтерге шабуыл жасауды Signal чатындағы құпия чатта талқылаған өз командасының мүшелерін жұмыстан шығару ойы жоғын айтты. Әлгі чатқа ұйымдастырушы қателесіп қосқан The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг ондағы өзі куә болған әңгімені кейін жұртқа жариялаған.

Трамп сұхбатында өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцке бұрынғыдай әлі де сенетінін және оның әлгі чатты өзі құрғанын айтып жауапкершілікті мойнына алғанын атап өткен. АҚШ президенті хуситтерге шабуыл "аса сәтті" болғанын айтып, ол әңгімені баспасөзде талқылауды сөккен.

"Сіздерге тек бір нәрсе айта аламын, бұл – ел ішінен жау іздеу, ал баспасөз тек соны ғана сөз қылып жатыр, өйткені олардың басқа айтар ештеңесі жоқ", – деген Трамп NBC News арнасына.

Бұған дейін Politico басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлс және кадр мәселелері жөніндегі кеңесші Серхио Гор Трампқа Уолцты жұмыстан босату жайлы ұсыныс айтыпты деп хабарлаған.

Politico деректері бойынша, Трамп Уолцтың қателескенін мойындаса да, демократтар мен либерал ұстанымдағы БАҚ тарапынан сынға жол бермеу үшін оны қызметтен алмауды ұйғарған. Басылымның дереккөздерінің пікірінше, бұл Уолц болашақта осы қызметінде қала береді дегенді білдірмейді.

Трамптың әкімшілігінде де Уолцтың іс-әрекетіне көңілі толмайтындар бар, деп жазды Politico. Басылым дереккөздерінің бірі Ақ үй әзірше кеңесшіні қолдап отыр, бірақ ол көз ұзамай қызметінен кетуі мүмкін деп топшылайды.

• 24 наурызда The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг Йемендегі хуситтерге шабуылды талқылаған топ адам отырған чатқа тосыннан оны да қосып жібергенін мәлімдеді. Чатқа қосылған 18 адамның арасында АҚШ вице-президенті Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет, Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Уиткофф, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Майк Уолц және мемлекеттік хатшы Марко Рубио бар.

• Бұл ақпарат жұртқа жария болып кеткеннен кейін Трамп әкімшілігінің өкілдеріне Сенаттағы демократтарға түсініктеме беруге тура келді. Ақ үй өкілдері әлгі чатта әскери жоспарлар талқыланған жоқ деп ақталды. Уолц даулы чаттың құрылуына жауапкершілікті өз мойнына алды, бірақ ол чатқа Голдбергті қоспағанын айтты.

• Кейінірек The Atlantic басылымы чаттағы жазбалардың скриншоттарын жариялады, онда америкалық F-18 жойғыш ұшақтарының әуеге көтерілу уақыты, сондай-ақ Йемендегі нысаналарды көздеген дрондар мен "Томагавк" зымырандары ұшырылғаны айтылған.

WP: Пентагон құпия құжатта Қытайды тежеуге басымдық беретінін мәлімдеген

Пентагон
Пентагон

АҚШ үшін басты қатер Қытай деп есептелуі керек, ал Ресейді тежеумен Еуропадағы одақтастар айналыссын. Бұл жөнінде Пентагон басшысы Пит Хегсеттің тиісті нұсқаулығында айтылған, деп жазады The Washington Post басылымы.

Басылым танысқан құпия құжат АҚШ қорғаныс министрлігінде таратылған және жоғары лауазымды тұлғалар үшін басымдық жүйесі бар ұлттық қорғанысқа арналған уақытша стратегиялық нұсқаулық болып саналады.

Хегсет Қытайды министрлік назар аударатын жалғыз қатер деп атайды және Қытайдың Тайваньға ықтимал басып кіруін ең маңызды сценарий деп санайды.

Құжат өзге жайттармен бірге, Тайбэйге қорғаныс шығындарын айтарлықтай ұлғайту үшін қысым көрсетуге шақырады. АҚШ президенті Дональд Трамп және оның одақтастары Тайваньды өз қорғанысына аз қаражат жұмсады деп сынап, аралды қару-жараққа жалпы ішкі өнімнің 10%-на дейін жұмсауға шақырған еді. Бұл АҚШ пен оның одақтастарының қорғанысқа жұмсаған қаржысынан едәуір жоғары, деп жазады басылым.

Құжатта Пентагонның Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Азиядағы одақтастарын қорғанысқа көбірек ақша жұмсап, Ресей, Солтүстік Корея және Иранды тежеуге шақыратыны жазылған.

Басымдықты Қытайға беру бұл аймақтағы АҚШ әскерін арттырып, нысаналарға соққы бере алатын қару-жараққа назарды күшейтуді білдіреді. The Washington Post басылымының жазуынша, құжат сонымен бірге Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы америкалық базаларды қорғауды күшейтуді, стратегиялық резервтерді құруды және логистиканы жақсартуды көздейді, деп жазады The Washington Post.

Онда сонымен бірге АҚШ-тың мүддесін (Гренландия мен Панама каналы да бар) қорғауға назар аударылады. Заңсыз көші-қон және есірткі айналымымен күресте әскердің рөлін кеңейтуге ерекше назар аударылған.

Пентагон құжаты Конгрестің ұлттық қауіпсіздік комитеттеріне ұсынылған. The Washington Post дереккөзінің хабарлауынша, Хегсеттің ұсыныстары республикашылдар мен демократтар арасында түрлі реакция тудырған.

Дереккөздің айтуынша, құжатқа консервативті сарапшылардың ықпалы көп болған және құжат бір мезгілде көптеген елдерде, соның ішінде Таяу Шығыста да АҚШ әскерін азайтуды ұсынады. Бірақ соған қарамастан Трамп әкімшілігі Йеменде хуситтерге қарсы әрекеттерді жалғастыруды және Иранға қысым көрсетуді көздейді.

Украина Харьковтегі әскери госпиталь атқыланғанын хабарлады. Қаза болғандар бар

Ресей әскерінің атқылауына ұшыраған Харьков, 30 наурыз 2025 жыл.
Ресей әскерінің атқылауына ұшыраған Харьков, 30 наурыз 2025 жыл.

Ресей әскері Украинаның Харьков қаласына шабуыл жасап, екі адам қаза болды, кемінде 30 адам зардап шекті. Бұл жөнінде Украинаның қарулы күштері мәлімдеді.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, әскери аурухана мен маңындағы тұрғын үйлерге соққы тиген. Алдын ала мәлімет бойынша, ауруханада емделіп жатқан әскери қызметкерлер зардап шеккен. Украина медициналық мекемені атқылауды әскери қылмыс деп атады.

Қаладағы кемінде үш аудан жаппай шабуылға ұшырады. Тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, сауда нысандары, гараждар мен көліктер қираған. Дрондардың бірі тұрғын үйге түсіп, ғимарат толық қирады.

Жексенбіге қараған түні Украинаға 111 ресейлік дрон шабуылдады деп жазды Украинаның қарулы күштері. 65 дрон жойылған, тағы 35 дрон радардан көрінбей кеткен. Әскерилердің мәліметінше, шабуылдың салдарынан Харьков, Сумы, Одесса, Донецк облыстары зардап шеккен.

Ресей әскерінің жұма күні кешке Днепрге соққысынан жарақаттанғандар саны 28-ге жетті. Бұған дейін 21 адамның зардап шеккені хабарланған еді. Төрт адам қаза болды. Бүгін - Днепрде қаза болғандарды аза тұту күні.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Харьков пен Днепрге жасалған соққыға түсініктеме бермеді. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарын атқылағанын мойындамай келеді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдаров әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды

Михаил Шайдаров. Скриншот
Михаил Шайдаров. Скриншот

Мәнерлеп сырғанаудан Бостонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында қазақстандық Михаил Шайдаров ерлер арасындағы жарыста күміс медаль иеленді. Ол қос бағдарламада 287,47 ұпай жинады. Алтынды америкалық Илья Малинин (318.56), қоланы жапониялық Юма Кагияма (278.19) алды.

Шайдаров - мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында жүлде алған үшінші қазақстандық. Бұған дейін Денис Тен (2013 жыл) мен Элизабет Тұрсынбаева (2019 жыл) әлем біріншілігінде екінші орын иеленген.

AP: Украина Ресей әскері жаңа шабуыл бастайтынын айтып отыр

Ресей атқылауынан қираған үйдің маңынан өтіп бара жатқан украиналық жауынгер. Донецк облысы Покровск қаласы, 6 наурыз 2025 жыл.
Ресей атқылауынан қираған үйдің маңынан өтіп бара жатқан украиналық жауынгер. Донецк облысы Покровск қаласы, 6 наурыз 2025 жыл.

Украина әскері мен үкімет сарапшылары Ресей әскері Киевке қысым жасап, келіссөзде Мәскеудің позициясын күшейту үшін жаңа шабуылға көшеді деп болжайды. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.

Агенттік дереккөзінің айтуынша, алдағы айлары Кремль мың шақырымға созылатын майдан сызығында жаппай шабуыл бастауды жоспарлап отыр.

27 наурызда Париждегі саммитте Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Украинаның Сумы, Харьков, Запорожье облыстарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтқан. Ол Ресейді "көбірек жерді жаулап алу үшін" келіссөзді әдейі созбалақтап отыр деп айыптады. Бұл бағалаумен "Үлкен жетілік" елдерінің екі дипломатиялық өкілі келіседі.

Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отыр деген пікірді бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та айтқан.

АҚШ өкілдері 23-24 наурызда Эр-Риядта украин және орыс делегацияларымен кездескен. 25 наурызда Ақ үй АҚШ соғысушы тараптармен Қара теңізде атысты тоқтатуға және энергетика нысандарын атқылауды доғаруға келіскенін мәлімдеген.

Кремльдің айтуынша, Ресей Қара теңізде атысты ресейлік өндірушілерге, тасымалдаушыларға қарсы салынған санкция алынғаннан кейін және Россельхозбанкті SWIFT төлем жүйесіне қосқаннан кейін тоқтатпақ. Трамптың сөзінше, Вашингтон Ресейдің шарттарын зерттеп жатыр.

Адвокат қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов түрмеде азаптау мен қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді

Дәулетмұрат Тәжімұратов
Дәулетмұрат Тәжімұратов

28 наурызда ташкенттік адвокат Сергей Майоров түрмедегі қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы туралы мәлімдеме жасап, оның азаптау мен қысымға жиі ұшырайтынын жеткізді. Адвокаттың сөзінше, ол соңғы рет Тәжімұратовқа 24 наурызда кіріп шыққан.

Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды Өзбекстан Конституциясында сақтап қалуды талап еткен наразылыққа байланысты ұзақ жылға сотталған белсенді түрмеде адвокаттың сөзінше, физикалық және психологиялық азаптауға ұшырап жатыр. Айтуынша, Өзбекстанның әнұранын, патриоттық әндерін айтуға міндеттейтін ереже болмаса да, түрмеде сотталушыларды, оның ішінде белсендіні де түрме әкімшілігі соған мәжбүрлейді. Ал мұны орындамағандарды "жазалайды".

"Түрме әкімшілігі барлық тұтқынға өздерінің лайықты жазасын алып отырғандарын, ендігәрі мұндай қылмыс жасамауға уәде бергізіп, ата-анасынан, түрме мен президенттен, махалладан жасаған қылмысы үшін кешірім сұрауға мәжбүрлейді. Ал менің қорғауымдағы азамат түрме әкімшілігінің бұл талабын орындамайды. Ол мұндай ант бермейді. Нормативтік құжат бойынша, өзге тұтқындар сияқты оның да мұны орындауы шарт емес" деді адвокат Сергей Майоров мәлімдемеде.

Оның сөзінше, бұған қоса түрмеде әкімшілікке болысатын "белсенді-сымақтар" бар. Олар Дәулетмұрат Тәжімұратовты тұрақты түрде ұрып-соғады және соққанда да денесінде із қалмайтындай соғады.

"Бұл мен қорғап отырған азаматты азаптаудың жалғыз түрі емес. Әсер етудің басқа да түрлері бар. Колония қызметкерлерінің нұсқауымен Дәулетмұраттың жеке жазбалары мен жеке заттары ұрланып, оның маңында күрделі, қиын жағдай туғызады. Және олар оны ауық-ауық ұрып-соғады" деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, белсендінің туыстары мен жақындарына сегіз рет қоңырау шалуына құқығы болса да, оның бұл құқығы іс жүзінде жүзеге аспайды. Одан бөлек, оған түрмедегі ең лас, иісі мүңкіген көрпе беріп те "рухын сындыруға тырысып жатыр" дейді адвокаты.

Белсенді шағымдануға тырысқанмен оның шағымы түрме шеңберінен шықпайды. Адвокат мәлімдемесінде Өзбекстан омбудсмені және прокуроры, өзге де құзырлы органдардан белсендінің шағымына назар аударуды сұраған.

Өзбекстанның құзырлы органдары әзірге адвокаттың мәлімдемесіне жауап бермеді.

Былтыр белсендінің туыстары Науаи қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отырған Тәжімұратовтың денсаулығы қатты нашарлағанын айтқан еді.

2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті.

Кейін жыл соңында наразылыққа қатысты ондаған адамға үкім оқылған. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Қорғау жағы үкімді апелляцияға бергенмен өзгермеген. Тәжімұратов қазір Науаи облысындағы №11 колонияда қамауда отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG