Маңғыстау облысының Жетібай кентінде жалақыны көтеріп, ұжымдық шарт жасауды, тәуелсіз кәсіподақ жұмысына мүмкіндік беруді сұраған "West Oil Software" компаниясы жұмысшыларының ереуілі тоғызыншы күнге ұласты. Жұмыс беруші ереуілге шыққандарды еңбек заңын сақтамады деп сотқа тартқан.
Мекеме алдында қолдан тігілген палаткаларға түнеп жатқан жұмысшылар талаптары орындалмағанын айтады.
- Бала-шағамызды, үйімізді көрмегенімізге тоғызыншы күн болды. Ертең сабақ басталады,- дейді диспетчер Дариға Есжанова.
Жүргізушілер Моторбай Әбдірашев пен Қашқынбай Қошқарбаев жұмыс беруші қысым көрсетiп жатыр деп санайды.
- Жұмыс істеп жүргеніме 42 жыл болды. Мұнайдың үстінде отырсақ та жалақымыз 120-200 мың теңге. Мына қымбатшылықта неге жетеді? Адал еңбегімізді беру орнына West Oil басшылығы жұмысшыларды сотқа сүйрелеп жатыр,- деді ол.
Ереуілшілердің айтуынша, Серік Қапанов, Базарғали Нұрболғанов, Мұратбек Самаров, Берік Махмұдов, Батыржан Жарылғашев "заңсыз ереуілді ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушылар" деп саналып, сотқа тартылған. Істі Маңғыстау облысының Қарақия аудандық соты қарап жатыр.
- Алғашқы сот отырысы кеше болды. Бізді Еңбек кодексінң 164-171-176 баптарын сақтамады деп айыптап, ереуілді ұйымастырушы деп көрсетіп отыр. Қазір сотқа кетіп барамыз, - деді Базарғали Нұрболғанов Азаттыққа.
Жұмысшылар "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұхановтың келгенімен жұмысшылар талабы орынсыз деп кеткенін айтады.
Жиналғандармен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев та сөйлескен. Әзірге қандай да бір шешім шықпаған. Ал Жетібайдағы "West Oil Software" ЖШС бастығының орынбасары Азамат Нағыметов бұған дейін наразыларға жалақыны 13% көтеру жөнінде кеңесіп жатқандарын мәлімдеген. Бірақ бүгін ол телефон тұтқасын алмады.
"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.
Биыл жазда Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жұмысшылардың жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдері жиіледі. Шілдеде ондаған мекеме жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысын тоқтатты. Жұмысшылардың көбі ереуіл арқылы талаптарын ішінара орындатты.
ПІКІРЛЕР