Accessibility links

Ақпарат министрлігі "Village Kazakhstan басылымын қоқан-лоқыдан қорғауға әзір"


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Village Kazakhstan басылымын қоқан-лоқыдан қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Басылым журналистері осыдан үш жыл бұрын қоғам назарын аударған Түркістан облысының Абай ауылында зорланған жеті жасар бала жайлы репортажынан кейін Village Kazakhstan басылымына қоқан-лоқы жасалып жатқанын хабарлаған болатын.

Министрлік ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері жағдайды егжей-тегжейлі білу және көмектесу үшін Village Kazakhstan редакциясымен және мақала авторымен байланысқа шығады деп хабарлады.

"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына және журналистерге қысым жасауға болмайды деп санайды. Министрлік журналист құқығын қорғауға көмектесуге әзір" дейді ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің telegram-арнасы.

Министрлік "мақала кейіпкерлерінің жеке өміріне нұқсан келтірмеу үшін журналистерді этика нормаларын сақтауға шақырамыз" деп бұқаралық ақпарат құралдары өздері жариялайтын материалдағы ақпараттың рас-өтірігі үшін жауапкершілік арқалайтынын еске салған.

Сәрсенбі күні кешке қарай Village Kazakhstan редакциясы белгісіз адамдар түрлі мекеме атынан телефон соғып, мақаланы алып тастауды талап етіп, қоқан-лоқы жасағанын хабарлаған. Редакция мұны тәуелсіз журналистерге қысым деп бағалап, мақаланы сайттан алмайтынын мәлімдеген.

Бұл мәселе бойынша Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин да пікір айтып, мақаланың кей тұсымен келіспейтінін білдірген. Оның сөзінше, мақалада зорлық көрген бала әлі күнге оқиға болған ауылда тұрып жатқандай сипатталған. Алайда журналистердің өзі "бала ауылда тұрып жатыр" демеген. Мақала авторы Әсем Жәпішева "бала жазда ауылдағы әжесіне келген" деп жазады. Журналистер бала құқығы жөніндегі уәкіл жауаптан сытылып кеткісі келеді деп болжаған.

Азаттыққа айтқан пікірінде Аружан Саин бұрын Instagram парақшасына жазғанын қайталады.

- Олардың жазғаны шындыққа сай келмейді. Мамасымен кеше сөйлескенімде жазғы каникулда әжесіне қонаққа барғанын айтты. Баланың өзі Алматыда тұрады, мектепке барады. Біз оған көмектескен психологтың ақысын төледік. Оларды пәтерден ешкім шығарған жоқ, тегін тұрып жатыр, байланысымыз үзілген емес, - деді ол.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл баланың әжесіне әлі күнге қоқан-лоқы жасалатынынан бейхабар екенін айтты.

"Абайдағы бала: Зорлық көргендердердің бастан кешкендері. Үш жылдан кейін" ("Мальчик из Абая: Как живут пострадавшие от насилия спустя три года") деп аталаты мақала Village Kazakhstan сайтына 1 қыркүйекте шыққан.

Абай ауылына барған автор тергеу жүргізу талабы аяқ асты болған соң көмек сұраған баланың әжесімен және оқиға жайлы алғаш хабар таратқан адамдармен сұхбаттасып, олардың басындағы қиындықтар туралы жазған.

Абай ауылында бала зорланғаны жайлы хабар 2018 жылы наурыз айында тараған. 60 жастағы әйел Азаттыққа "немересі 2017 жылдан бері бірнеше рет зорланғанын, ол туралы арызын жергілікті полиция үшінші ретте зорға қабылдағанын, бірақ әрі қарай іс қозғалмағанын" айтқан еді.

Бұл жайт әлеуметтік желі мен баспасөзде үлкен резонанс туғызып, жергілікті жауапты қызметкерлер қызметінен босатылған (кейін уақытша шеттетілгені белгілі болды).

Мамыр айында ақпарат және қоғамдық даму минисрлігі Village Kazakhstan басылымынан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті салынған муралда бөгде таңба пайда болғаны туралы ақпаратын алып тастауды талап еткен. Редакция мұны журналистің кәсібіне кедергі жасау және цензура деп бағалаған.

Баспасөз құқығын қорғайтын халықаралық "Шекарасыз репортерлер" ұйымы (Reporters sans frontières, RSF) Қазақстанды "баспасөз еркіндігі күрделі ел" санатына қосқан. Қазақстан RSF құрастыратын "Баспасөз еркіндігінің әлемдегі индексінде" 180 елдің ішінде 155-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG