"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе филиалы отырған ғимараттың төбесі опырылып түсіп, ауыр жараланған 33 жастағы әйел заза болды. Бұған дейін жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов бетон плитаның астында қалған науқастың ес жимағанын айтқан.
–Пациенттің жағдайы өте ауыр. Кеше кешкілік сағат сегіздер шамасында жеткізілген тағы екі адамның бірі алғашқы көмектен кейін үйіне қайтарылды, – деген еді Серік Қапанов.
"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына тиесілі ғимараттың екінші қабатын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, "ҚазАгроҚаржы" және тағы да басқа мекемелер жалдап отырған. Зардап шеккен – ауыл шаруашылығын қолдау қорының қызметкерлері. Сәрсенбі күні кешкі жеті жарымдар шамасында екі қабатты ғимараттың төбесі опырылып түскенде қызметкерлер жұмыс орнында болған.
Бейсенбі күні ғимарат жабық тұрды. Азаттық тілшісі оқиға орнына барғанда кеңсе тауарларын әкетіп жатқан бір топ адамды жолықтырды. Солардың бірі "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры Ақтөбе филиалының директоры Айнагүл Байдәулетова ақпаратты тексеріс аяқталған соң ғана беретінін айтты.
Ақтөбе қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың мәліметінше, құтқарушылар оқиға орнынан бес адамды алып шыққан. Басқарма басшысы Айбат Жаңабергенов "Құрылысшылар ғимараттың төбесін жөндеу үшін жоғарыға құрылыс материалдарын алып шыққан. Соны көтере алмаған төбе опырылып кеткен" дейді. Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеріліп жатқанын хабарлады.
Көрші ғимараттың жоғары қабатынан Азаттық тілшісі түсірген фотодан "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына тиесілі кеңсенің опырылған төбесін көруге болады. Жоғарыдан қарағанда кемінде екі бөлме қатты бүлінгені байқалады. Ғимарат төбесінде үйілген құм, цемент толы қапшықтар мен өзге де құрылыс материалдары жатыр. Құтқарушылар ғимараттың 200 шаршы метр аумағы бүлінгенін айтады.
"Даму" қорының Ақтөбе филиалы бұл ғимаратқа 2013 жылы қоныстанған. Ақтөбенің орталық даңғылындағы "Халық банкі" филиалымен жапсарлас екі қабатты нысан бастапқыда банктің меншігі болған.
ПІКІРЛЕР