Accessibility links

Өзбек депутаты Көшербаев Орталық Азия губернияларын құрғысы келетін Жириновскийге жауап қатты


Өзбекстан парламентінің залы
Өзбекстан парламентінің залы

Өзбекстанның заң шығарушы палатасы - Олий Мажилис депутаты Расул Көшербаев Ресей Думасының депутаты Владимир Жириновскийдің мәлімдемесіне жауап қатты.

Жириновский таяуда Орталық Азия республикаларын өз халқын Ауғанстан содырларынан қорғау үшін Ресей құрамына губерния ретінде кіруге шақырған еді.

"Біраздан кейін Орталық Азия президенттері Мәскеуге не Саратовқа қашып келеді. Елімізді губерния етіп алыңдар деп жалынады. Біз сонда ғана Орталық Азияны террористерден тазалаймыз. Ресей құрамында Душанбе, Бішкек, Ташкент, Ашхабад және Шымкент губерниялары пайда болады. Ешқандай да Орталық Азия республикалары мен президенттері болмайды», – деген болатын.

Өзбекстан Олий мәжілісінің депутаты Расул Көшербаев "тұтас халықты, елді қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Өзбекстан даму жолына дербес түскен тәуелсіз ел" деп мәлімдеді.

"Бұл адам елді қорлайтын шовинистік мәлімдемені бірінші рет айтып тұрған жоқ. Әлі де айта береді. "Ит үреді, керуен көшеді", – дейді Көшербаев.

Көшербаевтың сөзінше, Өзбекстан барлық қауіп-қатерден өтіп келеді.

Бұған дейін Өзбекстан саясаткерлерінің бірі Әлішер Қадыров Жириновскийді "үрген итке" теңеген.

Ресей Думасының депутаты Владимир Жириновский Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға да байланысты осыған ұқсас пікірлерін бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Осындай сөздерінен кейін Жириновскийдің Қазақстанға келуіне тыйым да салынған. Бірақ арада бірнеше жылдан соң Жириновскийдің Қазақстанға еркін келіп жүргені байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG