АҚШ Ауғанстандағы соғыс кезінде америкалық әскерге қызмет еткен ауған азаматтарының кемі 50 мыңын паналатпақ. Бұл туралы АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаментінің басшысы мәлімдеді.
Ондаған мың ауған АҚШ-қа жетіп үлгерген. Олар қауіпсіздік тексерістерінен өтіп, елдің әскери базаларына жайғастырылған. Қазір оларға медициналық қызмет көрсетіліп, миграция құжаттарын тапсыруда көмек көрсетіліп жатыр.
Мәлімдемесін 3 қыркүйек күні жасаған Ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысы Алехандро Майоркас тағы қанша ауған келетінін, эвакуация қаншалық ұзақ жалғасатынын нақтыламады.
Оның сөзінше, эвакуацияланған ауғандардың кейбірі транзит елдерінде қалып қойған, оған ол азаматтар туралы "бейәдеп ақпараттың" анықталуы себеп болған. Мекеме басшысы одан әрі нақты ақпарат айтпады.
Қазір Ауғанстаннан эвакуацияланған азаматтардың бір бөлігі Германия, Испания, Кувейт, Катар секілді транзит елдерінде. Қауіпсіздік тексерісінен өтпегендеріне не болатыны белгісіз.
Тәліптер Ауғанстанды бақылауына алғалы басталған эвакуация операциясы кезінде АҚШ Кабул әуежайынан 120 мыңнан астам адамды алып кеткен. Олардың ішінде өз азаматтары мен АҚШ-қа қандай да бір қызмет еткен ауған азаматтары бар. Эвакуация операциясы 31 тамыз күні аяқталғанымен, "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) визасы барлар елден одан кейін де кете алатынын айтқан.
АҚШ-қа қоныстануды жоспарлап отырғандарға АҚШ үкіметінің арнайы визасы беріледі. Ол виза ауған соғысы кезінде АҚШ пен НАТО күштеріне қызмет еткен, тәліптер билігі тұсында өміріне қауіп төнгендер ауған азаматтарына арналған.
"Елімізге қызмет еткендерді қолдауға, қорғауға міндеттіміз" деді Ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысы. Майоркастың өзі де АҚШ-қа бала кезінде босқын болып келген.
ПІКІРЛЕР