Accessibility links

Тәліптер Панжшерді басып алғанын айтты, қарсы күш мұны жоққа шығарды


Тәліптерге қарсы күш Панжшерде. Ауғанстан, 2 қыркүйек 2021 жыл.
Тәліптерге қарсы күш Панжшерде. Ауғанстан, 2 қыркүйек 2021 жыл.

Ауғанстанда "Талибан" билігі орнамаған жалғыз уәлаят – Панжшерде тағы шайқас болып, тәліптер жеңіске жеткенін мәлімдеді, қарсы күш мұны терістеді.

4 қыркүйекте "Талибан" Панжшер астанасы Базаракқа жақындағанын, тағы бірнеше ауданда алға жылжығанын мәлімдеді.

"Талибан" мәдениет комиссиясының мүшесі тәліптердің Панжшердегі төрт ауданды басып алғанын айтты деп хабарлады Ауғанстанның Tolo News телеарнасы.

"Париян, Шотул, Хенж және Абшар аудандары жаулап алынды, тәліптер қазір Анабаның (аудан) орталық бөлігінде жүр" деп келтірді телеарна Анамулла Саманганидің сөзін.

Тәліптердің бұл сөз дербес растау мүмкін болмады. Бірақ Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті, қазір Панжшерде тәліптерге қарсы күресіп жүрген Амрулла Салех қиын жағдайға тап болғанын, бірақ күресті әлі тоқтатпағанын мәлімдеді.

"Бізге "әл-Қаида", лаңкестер, "Талибан" және Пәкістан жақтастары шабуылдап жатыр. Бірақ біз елімізді қорғап жатырмыз" деді Салех.

"Қарсылық көрсету жалғасып жатыр. Жау да, біз де адамдарымыздан айырылдық. Серіктерімнің бірінің жаназасына қатыстым. Бірақ жағдай бақылауымызда" деп келтірді оның сөзін Tolo News телеарнасы.

Ауғанстан ұлттық майданының қолбасшысы Тауфикулла Расих Азаттықа кейінгі шабуылда жеті тәліптің қаза тапқанын айтты. "Талибан" мұны жоққа шығарды.

15 тамыз күні "Талибан" Кабулды басып алып, Ауғанстанды бақылауына алғанын мәлімдегенде, оларға қарсы күштер Панжшер шатқалына топтасып, сол жерде қарсылық майданын құрды. Оны жергілікті лидер Ахмад Масуд пен бұрынғы вице-президент Амрулла Салех басқарады.

4 қыркүйек күні Ахмад Масуд Facebook желісінде Панжшердің тәліптерге төтеп беріп жатқанын айтқан.

Шайқастың тоқтамауы мұның соңы азаматтық соғысқа әкелуі мүмкін деген алаңды күшейтті.

"Ислам жамағаты партиясының басшысы Атто Мухаммад Нури "Талибан" Панжшерді шабуылдауын тоқтатпаса, бұл азаматтық соғысқа ұласады деді.

Тараптар мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысып көрген. Бірақ келіссөз сәтсіз аяқталды.

АҚШ генералы Марк Милли де азаматтық соғыс қаупі барын айтты.

"Менің әскери болжамым бойынша, ондағы жағдай азаматтық соғысқа ұласуы әбден мүмкін" деді Штаб басшыларының ортақ комитетін басқаратын Милли Германиядағы Рамштайн әуе базасынан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG