Accessibility links

Тұрғындар бестөбелік экобелсенді Катчиевті қудалауды доғаруды талап етті


Бестөбе ауылының тұрғыны, экобелсенді Николай Катчиев
Бестөбе ауылының тұрғыны, экобелсенді Николай Катчиев

Ақмола облысының экобелсенділері Бестөбе ауылының тұрғыны Николай Катичевті қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрап, билікке үндеу жасады. Олардың айтуынша, Катчиев ауылдағы экология мәселесін көтергені үшін жазықсыз қудаланып жатыр. Жақында полицейлер экобелсендінің және оның туыстарының үйін тінткен, тергеуге шақырған. Полицияның оған қандай айып таққаны белгісіз.

Билікке үндеуінде экобелсенділер Николай Катчиевтің басындағы жағдайға алаңдайтынын айтқан. Олар полицияның белсендіге қандай айып таққанын түсіндіріп беруді сұрайды. Бұған қоса олар қазақстандықтарды экобелсендіні қорғаған хатқа қол қойып, қолдау білдіруге шақырады. Қазір Катчиевті қудалауды доғаруды талап еткен хатқа 400-дей адам қол қойған.

"Құқық қорғаушылардан іске араласуды сұраймыз, ал прокуратурадан, ішкі істер министрі мен президенттен [полицияның] оның үйіне баса-көктеп кіріп барғанына, мүлкін бүлдіргеніне назар аударуды талап етеміз. Қоғам экобелсенді Катчиевті қылмыстық қудалауды тоқтатуды өтінеді. Ол қылмыскер емес, керісінше экологияның маңызды мәселелерін көтеріп жүрген азамат. Бестөбенің басқа тұрғындары сияқты ол да бұл компанияға ("Қазақалтын Тechnology" - Ред.) қарсы емес, олар экология ахуалы нашар болғандықтан, мұндай өндіріс орнының жақын орналасуына ғана қарсы" делінген экобелсенділер хатында.

Катчиевтің әкесінің және бауырының үйінде де тінту болған, полиция олардың мобильді телефондары мен ноутбугын алып кеткен. Катчиев мұның бәрі өзіне қысым жасау үшін қолға алынып жатыр деп санайды. Оның айтуынша, полицейлер пәтерге кәмелетке толмаған баласының бөлмесінен кірген, бұл уақытта бала терезенің жанында төсекте ұйықтап жатқан. Оқиғадан бала шошып оянып, қатты қорқып қалған. Қазір Катчиев осы жайт бойынша балалар омбудсмені Аружан Саинға хат әзірлеп жатыр.

Экобелсендінің айтуынша, тамызда полицияға бір топ адам YouTube-тегі "Бестөбе. Өмір үшін күрес" арнасы арқылы "Қазақалтын Тechnology" компаниясы жайлы "жалған ақпарат таратып жүр" деген ақпар түскен. Сол топтың арасында Катчиев те бар. Соның кесірінен олар "қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін" туғызып, "мекеме мен тұрғындарға едәуір зиян келтіріп жүр" делінген. Сотқа дейінгі тергеуді Степногорск қаласының полициясы жүргізіп жатыр.

- Меніңше, экология жолындағы күрескер ретінде маған және ауылдағы мәселелерді реттеу үшін құрылған жұмыс тобының әрекетіне басқаша реңк беру үшін ойдан шығарылған айыптар тағуы мүмкін. Бәлкім ауаның тазалығы үшін күресіп жүргендер емес, алаяқ не экстремист етіп шығаратын болар, – деді Азаттыққа сұхбат берген Николай Катчиев.

Азаттық тілшісі осы жайтқа байланысты пікір сұрап Ақмола облыстық полиция басқармасына хабарласқан. Мекеменің баспасөз хатшысы ресми сұраухат жіберуді сұрады. Азаттық сұраухатта Катчиевтің қандай іс бойынша күдікті екенін, сотқа дейінгі тергеу қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша жүріп жатқанын, оның өзінің және туыстарының үйінде не себепті тінту болғанын сұрады. Осы материал жарық көргенше полиция департаментінен жауап келмеді.

Басқа тұрғындармен бірге Николай Катчиев Бестөбе ауылының маңында "Қазақалтын Тechnology" компаниясының алтын өндіру фабрикасын салуға қарсылық білдіріп жүр. Олардың айтуынша, мұнда қазірдің өзінде экология нашар. Тұрғындар фабрика салуға қарсылық білдіріп, 5 мың адамның қолын жинаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG