Иран халықаралық инспекторлардың ядролық бағдарламаға қатысы бар кейбір зертхана мен өндіріс ошақтарына кіруіне бөгет жасап отыр. Бұған қоса, бірнеше нысанда анықталған радиоактивті бөлшектердің іздерін зерттеуіне мүмкіндік бермей жатыр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) ұйым мүшелеріне таныстырылған екі құпия есебінде осылай деп жазылған. МАГАТЭ батыс елдерін Иранға ресми түрде сөгіс беруге шақырды.
Есептің бірінде МАГАТЭ Иранды инспекторларға ядролық нысандарда орнатылған видеокамера жазбаларын беруден бас тартқаны үшін сынайды. Тегеран ақпан айында бақылауға шектеу қойғандықтан камералар ядролық зертханаларда болып жатқан оқиғаларды бақылаудың жалғыз әдісі болып отыр.
Ақпаратқа қарағанда, ядролық центрифуганы құрастыру орталығындағы камераларды тексергеннен кейін (ол жаққа инспекторлар тек қыркүйек басында ғана жіберілген) төрт камераның бірі жойылғаны анықталған. Ал басқа камераға жазылған жазбалар жоғалған. МАГАТЭ директоры Рафаэль Гросси видеокамерасыз ұйым Иран ядролық бағдарламасын "соқыр тәуекелге" салып сараптағандай болады деді.
Екінші есептегі мәліметке қарағанда, Иран бірнеше нысанда радиоактивті бөлшектердің табылуын түсіндіруден бас тартып отыр. Бұл бөлшектер оның байытылған уранмен жұмыс істеп жатқандығынан хабар беруі мүмкін. Сарапшылар бұл халықаралық инспекторлар білмейтін ядролық жұмыс жүргізіп жатқан орталықтардың барына да меңзеуі мүмкін дейді.
МАГАТЭ-ның есебінше, Иранның қолында 60 пайызға байытылған 10 кило уран бар. Ал ядролық қару жасау үшін 90 пайызға дейін байытылған уран қажет.
МАГАТЭ есептері Тегаранның 2015 жылы жасалған ирандық ядролық бағдарламаны тоқтату туралы келісімнің маңызды шарттарын бұзып отырғанын айғақтайды. 2018 жылы АҚШ келісімнен шыққаннан кейін Иран байытылған уран бойынша жұмыстарды жалғастыру ниеті барын хабарлаған. АҚШ президенті Джо Байден Ираннан уран байыту ісін доғаруды талап ететінін, егер орындаса АҚШ-ты аталған келісімге қайта қосуға даяр екенін айтқан. Ал Иран әуелі Америка санкциясы күшінің жойылуын күтіп отыр. Иран үкіметінің өкілдері МАГАТЭ директорлар кеңесі тарабынан жасалған Иранға қарсы кез келген әрекет ядролық бағдарламаны тоқтату туралы келіссөздерді жаңғырту процесіне нүкте қояды деп ескерткен.
ПІКІРЛЕР