Accessibility links

Тоқаев: Ауғанстандағы қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз


Бірнеше мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімі кезінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 8 қыркүйек 2021 жыл.
Бірнеше мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімі кезінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 8 қыркүйек 2021 жыл.

Қазақстан Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы 8 қыркүйекте жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды, – деді Тоқаев.

Ауғанстанда "Талибан" тобы билік орнатқаннан кейін ұлты қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен Ауғанстаннан алып кетуді сұрап, өтінген азаматтар көбейген еді. Осы апта басында Қазақстанның Кабулдағы консулдығына барып, көмек сұраған, өздерін "ауған қазақтарымыз" деп таныстырған бір топ адам қабылдауға кіре алмай жүргеніне шағымданған.

Өткен аптаның соңында Ауғанстанның Саманған уәлаятында тұратын қазақ отбасылары ресми Нұр-Сұлтаннан Қазақстанға алып кетуді сұрап, видеомәлімдеме жолдаған.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде іс-шара басталғанын, алайда ондағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты қазақтарды қайтарудың нақты мерзімі белгіленбегенін айтқан.

"Талибан" қозғалысы Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта этникалық қазақ бар" деген. Алайда Ауғанстанда тұратын қазақтар өздерінің бұдан көп екенін айтып, 30-ға тарта отбасын санап шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG