Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде Ауғанстанның жаңа билігімен қарым-қатынас орнату мәселесіне тоқталды. Президенттің рәсімде сөйлеген сөзінің толық нұсқасын 9 қыркүйекте баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.
"Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын" деді Тоқаев.
Ол Қазақстан "зорлық-зомбылық, заңсыз есірткі айналымы және оның өзге елдерге жайылуына тоқтау салу үшін" Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын деді. Тоқаев тәліптер шын мәнінде байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенетінін жеткізген.
"Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек" деді президент.
Бұған дейін Тоқаев "Қазақстан "Талибан" қозғалысын мойындай ма?" деген сауалға "жағдайға қараймыз" деп жауап берген еді. (Қазақстан және біраз ел бұл ұйымды "террористік" деп таныған). Ол "Талибан" қозғалысының үкіметін мойындау я мойындамауға келгенде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2003 және 2011 жылғы резолюциясына қарау керегін айтқан. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі резолюциясына сай, "Талибан" террористік ұйым деп танылған.
Ауғанстанның барлық-дерлік аймағын бақылап отырған "Талибан" 7 қыркүйекте жаңа үкімет құрамын жариялаған. Жаңа үкіметте бірде-бір әйел жоқ және жетекші орындардың барлығында тәліптер отыр. Олар елді шариғат заңдарымен қатаң басқаруды көздеп отыр. Үкімет құрамында БҰҰ немесе АҚШ-та террорист ретінде танылып, іздеу жарияланған кемінде екі адам бар.
Қазақстан көршісі Өзбекстан 8 қыркүйекте Ауғанстанда уақытша үкіметтің құрылуын жылы қабылдап, Өзбекстан "Ауғанстанның жаңа мемлекеттік органдарымен өзара қарым-қатынас орнатып, конструктивті диалог жүргізуге дайын" деп мәлімдеген.
Ал АҚШ тәліптер жаңадан құрған Кабулдағы ауған үкіметіне "уақытша кабинет" деген баға берген.
"Тәліптер халықаралық қауымдастықтың өздерін мойындағанын күтіп отыр, бірақ кез келген мойындау, кез келген қолдау соған лайық болуды талап етеді" деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 8 қыркүйекте.
ПІКІРЛЕР