Accessibility links

Оқу жылы басталғалы бері Алматыда 89 оқушыдан коронавирус анықталған


Маска тағып, сабақ отырған балалар. Қазақстандағы мектептердің бірі. Көктем, 2021 жыл.
Маска тағып, сабақ отырған балалар. Қазақстандағы мектептердің бірі. Көктем, 2021 жыл.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері Алматыда 89 оқушыға коронавирус жұққан. Бұл туралы 9 қыркүйекте қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, оқу басталғанға дейін жазда бір күнде 160-қа жуық оқушының коронавирус жұқтырғаны анықталған кездер болған. Ал қазір бұл көрсеткіш жүзден төмендеген.

"Қазір оқушылар арасында вирус азайды. Оқу жылы басталғалы бері мектепке барып білім алған 89 баладан вирус анықталды. Олар білім алған сыныптың барлығы карантинге жабылды, яғни, оқушылар онлайн режимде білім алып жатыр. Оқушылар вирусты мектеп қабырғасында емес, отбасында жұқтырған. Сондықтан ата-ана қауіпсіздік ережелерін сақтауы қажет" деді ол.

Бекшин қалада жалпы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын, ауру өсімінің күндік көрсеткіші 1 пайыздан 0,6 пайызға азайғанын айтты. Шілде, тамыз айларында қалада күніне 1,5 мың төңірегінде науқас тіркелсе, қазір 900 айналасында тіркеліп жүр. Ол "дегенмен бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды, қала әлі "қызыл аймақта" тұр" деді.

Қаланың денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, қазір күніне 350-ден астам науқас ауруханаға түседі (10 күн бұрын бұл көрсеткіш 700-ден асқан – қала билігі). Ауруханадағы орындардың 43 пайызы бос емес. Науқастар азайғандықтан инфекциялық төсектер саны қысқартылып жатыр дейді мамандар.

Қазақстандағы ең ірі қала коронавирус жұқтырғандар жөнінен республикада бірінші орында тұр. Індет басталғалы бері мұнда 155 мың адамнан коронавирус анықталған. 8 қыркүйекте қалада 976 науқас тіркелді. Бұған қоса, 7 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша қалада 19 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Қалада бір күнде коронавируспен байланысты 29 адам өлімі тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG