Тегеран халықаралық инспекторларға Иранның ядролық объектілеріндегі камераларға қосылуға рұқсат берді. Бұл туралы МАГАТЭ мен Иран атом энергиясы ұйымының басшысы кездескен соң хабарланды.
12 қыркүйек күні МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Тегеранда Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымын басқаратын Мохаммад Есламимен кездесті.
Кездесу Батыс пен Иран арасындағы келіспеушіліктерді шешуге арналған.
"Біз агенттік камераларының жад карталарын алмастыру жөнінде келісімге келдік" деп келтірді Иран ақпарат агенттігі Есламидің сөзін.
"МАГАТЭ инспекторлары идентификацияланған құралдармен жұмыс істеп, медиа қорын алмастыруға рұқсат алды. Ол [медиа қоры] МАГАТЭ мен Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымының мөрлерімен сақталады" делінген екі ұйымның ортақ мәлімдемесінде.
"Біз бүгін өте конструктивті нәтижеге қол жеткіздік" деді Гросси МАГАТЭ құрал-жабдықтарының жұмысы жөніндегі келісімге келгенін айтып.
Гросси Тегеранға Иран президенттігіне Ибрахим Раиси келгелі бірінші рет барып отыр. Раиси қызметіне тамыз айында кіріскен.
Иран мен Батыс елдері арасындағы келіссөз маусым айында тоқтап қалған. Бұл келіссөз мақсатына жетсе, Иран ядролық бағдарламасын шектейді, Батыс санкцияларын жеңілдетеді.
Осының алдында МАГАТЭ Иранның байытылған уран қорын арттырғанын мәлімдеген. Ұйым сондай-ақ Иранның бастамасымен ақпаннан бері мониторинг жұмысы тоқтап тұрғанын айтқан.
Келесі аптада агенттікке мүше 35 елдің қатысуымен жиын өтеді. Онда МАГАТЭ елдері Иранды айыптайтын қарар қабылдау-қабылдамау мәселесін шешеді. Егер мұндай қарар қабылданып жатса, жаңа жанданған келіссөзге нұқсан келуі мүмкін. Өйткені әдетте мұндай қадамдар Тегеранның ашуына тиеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылы Иранмен жасалған келісімнен шығып кетіп, Тегеранға ауыр экономикалық санкциялар салған. 2019 жылы Иран оған жауап ретінде өзінің ядролық бағдарламасына қатысты бірқатар шектеуді алып тастады. Олардың ішінде уранды ядролық қару жасауға қажет деңгейге дейін байыту мәселесі де бар еді.
ПІКІРЛЕР