АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Өзбекстанға қашқан ауған ұшқыштарын Құрама Штаттардың Катардағы базасына жіберу жөнінде өзбек билігімен келіскен.
Бұл жөнінде Wall Street Journal басылымы жазған. Онда Кабулдағы билікті басып алған "Талибан" қозғалысы Өзбекстанға қашып кеткен ауған ұшқыштары мен ұшақтарын қайтару туралы талап қойып жатқаны айтылған.
АҚШ билігі ұшқыштарды Ауғанстанға қайтарса, оларды өлтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Себебі, аталған ауған ұшқыштары Ауғанстанның бұрынғы билігі кезінде тәліптерге әуеден соққы беріп келген.
Тәліптермен ара қатынасын шиеленістіргісі келмейтін Ташкент АҚШ-тан бұл мәселені тезірек шешуді сұраған.
Wall Street Journal басылымы ұшқыштар және олардың отбасы, барлығы 585 адам АҚШ-тың Дохадағы әскери базасына жеткізілетінін, кейін басқа елдерге көшірілетінін жазады.
15 тамызда "Талибан" қозғалысы Кабулға соғыссыз кіріп, Ауғанстан билігін қолына алғанын жариялаған.
ПІКІРЛЕР