Accessibility links

Ақтөбеде құқық қорғаушы Еуроодақты Назарбаевқа санкция салуға үндеді


Қазақстан судьялары мен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуды талап етіп тұрған құқық қорғаушы Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 16 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақстан судьялары мен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуды талап етіп тұрған құқық қорғаушы Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 16 қыркүйек 2021 жыл.

16 қыркүйекте ақтөбелік құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбе облысы әкімдігі алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп, Еуроодақтан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуын сұрады. Әлима Әбдірова "Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев пен ол тағайындаған соттар адам құқығын жүйелі түрде бұзып отыр" деп санайды.

- Осы пикетті өткізу үшін қала әкімдігіне бірнеше рет арыздандым. Басында әкімдік жалғыз адамдық, бейбіт акцияны өткізуге тыйым салды. Олар "Елбасы туралы" заңға сүйеніп, елбасының қолсұғылмаушылығын алға тартты. Бірақ әңгіме сыртқы саясат туралы. Еуродақтың "Елбасы туралы" заңға қатысы жоқ. Яғни, Назарбаевқа санкцияны Еуроодақ сала алады. Мен соны сұрап шығып тұрмын, - дейді Әлима Әбдірова.

Құқық қорғаушы Әбдірова 16, 17, 18 қыркүйек күні екі сағаттық пикет өткізуге қала әкімдігінің рұқсат бергенін айтады. Мұна қала әкімдігі де растады. Пикеттің бірінші күні өздерін "әкімдіктенбіз" деп таныстырған бірнеше адам Әбдірованы сырттай бақылап, видеоға түсірді.

Ақтөбелік құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова мұндай наразылық шараларын көптен бері өткізіп келеді. Былтыр қыркүйекте олар Ақтөбедегі қала әкімдігіне барып, "құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайтын" билікке наразылық білдірген.

16 қыркүйек күнгі пикетке Әлима Әбдірова екі плакат ұстап шықты. Оның біріне "Үндеме! Шындықты айтсаң - ұсталасың", екіншісіне "Соттар мен Назарбаевқа санкция салуды талап етемін!" деп жазылған.

Қазақстанда белсенділер бұған дейін де Еуроодақ және өзге де елдерден бірқатар шенеуніктерге санкция салуды сұраған.

11 ақпанда Еуропарламент басым көпшілік дауыспен Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде қарар қабылдады. Қарарда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, түрмедегі азаптау, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері айтылған. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар "кейінгі жылдардағы ең обьективті құжат" деп атаса, билік "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деген.

Ақпан айында Еуропарламент отырысында бірқатар еуродепутаттар Қазақстанда адам құқығын бұзуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға санкция салуға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG