Тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" митингісі қарсаңында ұйым белсендісі Ырысбек Тоқтасын 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы құқық қорғаушы, белсенді Инга Иманбай хабарлады.
"Ырысбек Тоқтасынды кеше түнде үйінен алып кетіп, түнгі сағат екіде сот өткізіп, 15 тәулікке қамап тастапты" деді Инга Иманбай Азаттыққа.
Сот шешімінде Ырысбек Тоқтасынның Facebook парақшасында 18 қыркүйек күнгі митингіге шақырғаны, осылайша "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" (488-бап 7-бөлігі) жазылған. Сотқа WhatsApp желісі арқылы қатысқан Тоқтасын "айыпты мойындап, өзін қатаң жазаламауды сұраған". Істі судья Раисов қараған.
Инга Иманбайдың айтуынша, митинг қарсаңында күйеуі Жанболат Мамай мен ұйым белсендісі Абзал Достияров пен өзге де бірқатар белсенділерге "қысым басталып, олардың артынан белгісіз көліктер аңди бастаған".
"Жанболаттың соңынан машина жүрді. Бұдан соң ол үйден кетіп қалды. Полиция алып кете ме дедік. Абзалдың артынан да кеше бірнеше машина жүрген. Тағы бір белсендіміздің үйіне полиция келген екен. Ол шақырту қағазын алып кел деген. Ол да үйінен кетіп қалды" деді Инга Иманбай.
Оның сөзіне қарағанда, "Демпартия" өкілдері сенбі күні тілді қолдау туралы митинг өтетінін әлеуметтік желі арқылы хабарлаған.
Бұған дейін тіркелмеген "Демпартия" ұйымы жақтастарын Алматыдағы Абай ескертішінің алдына тілді қолдау митингісіне келуге шақырған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, шара кезінде қоғамда дау туғызған цифрландыру, саяси тұтқындар мәселесі де қозғалады.
- Қазақстанда қандай да бір митинг өтетіні хабарланған кезде полицияның шара өтпей тұрып белсенділерді үйінен ұстап әкетуі, көшеге шығармауы, әкімшілік қамауға алуы әдетке айналған.
- Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталықтарынан алшақ жерлерде орналасады. Әкімдікпен келісілмеген шаралардың барлығы "заңсыз" деп саналады, оған қатысушылар сотталады.
- Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді деп санайды.
ПІКІРЛЕР