Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ECHR) ФСБ-ның бұрынғы офицері, Путиннің сыншысы болған Александр Литвиненконың өліміне Ресей жауапты деп тапты. Сот шешімі 21 қыркүйекте Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының сайтында жарияланды.
Литвиненко 2006 жылы Ұлыбританияда радиоактивті полонийден уланып қайтыс болған. 2007 жылы марқұмның әйелі Марина Картер-Литвиненко еуропалық сотқа шағым түсірген.
ECHR Литвиненконы өліміне күдікті саналған Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтун Ресей билігінің агенттері болған деген шешімге келді.
Еуропалық сот шешім шығарғанда Ұлыбритания жүргізген тергеудің нәтижесіне сүйенген. ECHR Ресей британиялық тергеудің нәтижесін жоққа шығаратындай дәлел ұсына алмады әрі Литвиненконың өлімін дұрыс тергемеді деп санайды.
Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Ресей Литвиненконы өмірінен айырды деген шешімге келді. Сот Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтунның Литвиненкомен жеке бас араздығы болмаған және олар Ресей билігінің тапсырысын орындауы мүмкін деп мәлімдеді.
Шешім шығарғанда Ресейдің тергеуді бірлесіп жүргізуден бас тартқаны да ескерілген. ECHR Литвиненконы өлтіру шешімін кім қабылдағанын, Луговой мен Ковтунға кім тапсырма бергенін анықтамаған. Мұны анықтау соттың міндетіне кірмеген де еді.
Сот шешіміне сай, Ресей Литвиненконың әйеліне 100 мың еуро өтемақы төлеуі керек. Марина Картер-Литвиненко сотқа шағымданғанда 3,5 миллион еуро өтемақы талап еткен.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ECHR шешімін "дәлелсіз" деп атады. Ол "Еуропалық соттың Литвиненконың өліміне қатысты ақпарат ала алатындай өкілеті және техникалық мүмкіндігі жоқ" деп санайды. Песковтің сөзінше, Мәскеу "мұндай сот шешімдерін орындауға дайын емес".
ФСБ-ның экс-қызметкері Литвиненко 2000 жылдардың басында Ұлыбританияға қоныс аударып, Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей билігін сынға алған. 2006 жылы ол уланып ауруханаға түсіп, сонда көз жұмған еді. Кейін Ұлыбритания тергеушілері оның өліміне КГБ-ның бұрынғы офицері (қазір Мемлекеттік думаның депутаты) Андрей Луговой мен кәсіпкер Дмитрий Ковтунның қатысы бар деп тапқан. Британиялық тергеушілер Литвиненконы өлтіруді Кремльдің тапсырмасы деп санайды. Мәскеу барлық айыпты жоққа шығарады.
Кейінгі жылдары Кремль сыншыларының улану фактісі жиілеп кетті. 2018 жылы Солсбериде Ресейдің бұрынғы құпия агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия, ал 2020 жылы ресейлік оппозиционер Алексей Навальный уланған. Лондон мұның артында да Ресей билігі тұр деп санайды.
ПІКІРЛЕР